Қазақстанда медициналық туризм соңғы бес жылда қарқын алды. Қытайдан келетін науқастар саны 24 есе өссе, Үндістаннан келгендер көлемі 40 есе артқан. Медициналық туристер тек ем қабылдап қана қоймай, оңалту және шипажай қызметтерін де таңдайды. Сарапшылар отандық медицинаның қолжетімділігі мен сапасы шетелдіктерді қызықтыратынын айтады.
Қазақстанда медициналық туризм түрлі операциялармен озық технологиядан бөлек шипажайлар бағытында да дамып келеді. Мысалы, «Мойылды» шипажайы осыдан 114 жыл бұрын алғаш рет ақылы балшықпен емдеу орны болып ашылған. Кеңес кезінде мелекеттің қарауында болып қарқынды дамыды. Бүгінде бұл Қазақстандағы жетекші шипажайлардың біріне айналды. Шипажайда медициналық және сауықтыру туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ең алдымен, медициналық оңалту бағдарламаларын кеңейту жоспарланған. Бұл әртүрлі аурулардан кейінгі қалпына келу қызметтерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Алда бассейн салынады. Түрлі спортта жарақат алған атлеттерді де қабылданбақ. Қазірдің өзінде жылына 12 мыңнан астам адам демалады. Келушілер географиясы өте кең.
Қайрат Ысқақ, «Мойылды» шипажайының бас директоры:
- Тұрақты түрде бізге алыс-жақын шетелдерден келеді. Қазақстанды толық қамтыдық. ТМД елдерінен келеді. Содан кейін алыс-жақын шетелдерден келеді. АҚШ-тан, Канадан келетін демалушылар, ем алушыларымыз бар. Германиядан отбасымен келетін демалушыларымыз бар. Соның ішінде 30 жылдан астам келіп жүрген адамдар да бар.
Павлодар облысындағы «Мойылды» табиғи емдік факторларға балшық пен рапаға негізделген бірегей емдеу қызметтерін ұсынады. Ол буын ауруларына таптырмас көмек. Сонымен қатар ыңғайлы орналасуы, қалыптасқан беделі және инфрақұрылымы оны өңірдегі маңызды медициналық-туристік орталықтардың біріне айналдырып отыр. Бүгінде кәсіпорындармен әріптестікті нығайту да маңызды бағыттардың бірі. Себебі өңірдегі өндірістік ұйымдар тарапынан қызметкерлерді сауықтыруға сұраныс жоғары.
Биыл Астанаға 70 елден медициналық туристер келген. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірге АҚШ пен Қытай азаматтары да бар. Шетелдік науқастарды әсіресе нейрохирургия, кардиохирургия, пластикалық операциялар, репродуктивті медицина, ортопедия және травматология бағыттары қызықтырады.
Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Медициналық туризм департаментінің директоры:
- Оларды басты қызықтыратын нәрсе – сапа. Яғни Астана қаласында медицинада Оскар саналатын JCI сертификат бар. Осында құжаты бар қалада 8 клиника бар және баға қарым-қатынасы қызықтырады. Мысалы, бізде көршілес елдерде жоқ көптеген құрылғылар бар. Солардың бірі – нейрохирургия орталығында орналасқан Гаманож апараты. Яғни бұл адамның миына ешқандай кесусіз операция жасауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін бұл отаны 2 мыңға жуық адамға жасалған.
2024 жылы елге 450-ге жуық шетелдік пациент келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 6 мыңнан асты. Салада айқын өсім бар. Алайда медициналық туризмді реттейтін арнайы заңның жоқтығы – негізгі мәселе. Бұл бағыттағы құқықтық база әлі де жетілдіруді қажет етеді.
- Мәселені көтеріп жатқан партиялар да бар. Осындай жеке заң қабылданса, бұл медициналық ұйымдардың пациентінің артуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар басты проблемалардың бірі – нақты стандартталған медициналық пациенттерді тіркеу жүйесі жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары: «Аталған бағыттағы түйткілдер алдағы бес жыл ішінде шешімін табады», - деп отыр.
Шолпан Қаржаубаева, Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО басқарма төрағасының орынбасары:
- Әрине, бұл жаңа сала екенін де атап өту маңызды. Заңнама да жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау кодексі мен денсаулық сақтау жүйесіне бірқатар түзетулер мен қосымша баптар дайындалуда. Атқарылатын жұмыс көп. Медициналық туризмге инфрақұрылым да әсер етеді. Жолдар жақсартылып, қонақүй индустриясы да реттеліп жатыр.
Бүгінде Қазақстанның кардиохирургиясы әлемдегі үздік отыздыққа енген. Бұл – отандық медицинаның бәсекеге қабілеттілігін көрсететін маңызды жетістік. Сонымен қатар елдегі тау-көл шипажайлары мыңдаған шетелдік туристі қабылдап, емдік-сауықтыру бағытының тартымдылығын арттырып отыр.
Диана Қадыр, Самат Сүлейманов