Елордада Панфилов дивизиясы туралы 50-ден астам құнды құжат көпшілік назарына ұсынылды. Президент архивіндегі көрме 316-шы атқыштар дивизиясының 85 жылдығына орайластырылған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Панфилов дивизиясының ерлігі ұмытылмақ емес. Ұйымдастырушылар кадеттерге архив қорларында сақталған сирек құжаттар, фотосуреттер мен тарихи материалдарды таныстырды. «Ұлы ерлік жолы» атты көрмеге жауынгер Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі Төлеген Мұсабеков те қатысып, майдангер жайлы естелігін бөлісті.
Төлеген Мұсабеков, Панфилов дивизиясының жауынгері М. Сеңгірбаевтың немересі:
- Батырдың ұрпағы болғаннан кейін, бұл үлкен жауапкершілік. 2010 жылы осы атамыздың шеп құрып, Москваны қорғаған жеріне бардық.
Әлия Мұстафина, ҚР Президенті архивінің директоры:
-Осы жыл ерекше, өйткені 1941 жылы, өздеріңіз білесіздер, белгілі Панфиловшылар дивизиясы құрылды. Осы датаға арнайы біз көрмені ұйымдастырдық. Көрменің ерекшелігі 50-ден астам құжаттар жинастырылған, осы дивизияның тарихына қатысты. Біздің архивімізде сақталған тың деректер.