Мәншүк Мәметова: 21 жасында ел үшін жанын қиған батыр

  • 10
  • 08.05.2026, 19:47

Сұрапыл соғыс жылдарында арулар да қолына қару алып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қан майданға Орал өңірінен 1 мың 200 бойжеткен аттанса, олардың ішінде жалғыз Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. Небәрі 21 жасында өз өмірін құрбан ету арқылы, қаруластарын құтқарған қаһарман қыздың есімі ел есінен өшпек емес. Батыр қыздың музейіне келушілердің қатары да күннен күнге көбеюде.

Оралдың орталығындағы Сарайшық көшесіндегі мына үйде 1932-34 жылдары Батыс Алашорда қайраткері, Мәншүк Мәметованың әкесі, ақын-журналист, дәрігер Ахмет Мәметов тұрыпты. Кейін қазақтың қаһарман қызының табанының табы қалған ғимарат 1982 жылы Мәншүктің 60 жылдығы қарсаңында музейге айналады. Мұражай ашылғанда бастапқыда небәрі 300 экспонат болса, қазір жәдігерлер саны 11 мыңнан асады.

Олардың ішіндегі ең құндысы «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін» деп батырдың анасына жазған хаттары, пайдаланған бұйымдары. Төргі бөлмедегі төсек, ортадағы дөңгелек үстел, тіпті, шыны-аяқтарға дейін Мәншүктің қолы тиген түпнұсқа дүниелер. Баршаға белгілі Мәншүктің шын әке-шешесі Ахметтің немере інісі Жеңсікәлі Әлиев пен Тойылша деген жандар. Ахмет Мәметов пен Әмина Сүлейменқызы өз перзенттері болмай, Мәншүкті 4 жасында бауырына басқан. Мәнсияны еркелетіп, Мәншүк деп атаған. Әкесінің атын өзгертпей, Жеңсікәліқызы ғып қалдырған. Әкесі 1938 жылы халық жауы деп ұсталғанда, Мәншүк қатты уайымдайды. Соғысқа өз еркімен аттануына да сол себеп болды дейді зерттеушілер. 

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі:

- Соғыс басталған кезде халықтың арасында әңгіме тараған дейді сыбыс. Егер халық жауының ұрпақтары соғысқа өз еріктерімен барса, ата-аналарының кінәлары кешіріледі деп. Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов атылып кеткен болатын. Ал оны Мәншүк Мәметов білген жоқ. Ол менің әкем түрмеде отыр, әкемді түрмеден босатамын деді. Сол үшін кеткен деп айтылады..

Мәншүк 42 жылдың тамызында Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы құрамында пулеметші болып, майданға кіреді. 43 жылдың 15 қазанында Невель түбінде қаза табады. Оның ерлігіне генерал Кузьма Галицкий «Мәншүк соғыс тарихының жаңа бетін ашты» деп баға береді. Қайсар қыз өзін құрбан етіп, қаруластарын құтқарған.

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі:

-Қаруласы Ахметқазы Болатов Мәншүк Мәметованы соңғы тірі көрген мен дейді өзінің естелігінде. Мәншүк басынан, қолынан, аяғынан жараланған. Содан мен Мәншүк «бәрін таста, кеттік, бізге шегінуге бұйрық қылды» дегенмін. Ол айтты дейді: «Жоқ, аға! Сіздер шегіне беріңіздер, бәріміз шегінсек, анталап келе жатқан жау қырып тастайды, сондықтан мен бөгей тұрамын деп қалды» - дейді. Сонда Мәншүк үшбұрышты траншеяның ішінде үш максим пулеметінің ортасында жалғыз өзі жүгіріп жүріп жауға оқ атуда дейді. Сөйтіп 04-10 біздің бригаданың жігіттерінің басым көпшілігінің аман қалғаны қазақтың қаршадай қызы Мәншүктің өшпес ерлігі деп өзінің естелігінде жазып кеткен.

Мәншүктің ерлігі - ұрпаққа өнеге. Мамыр жақындағанда әр күн сайын Мәншүк ескерткіші гүлге толады.

Інжу Марат, мектеп оқушысы:

-Мәметова музейіне келдім. Маған өте қатты ұнады. Мен онда көп мәлімет алдым. Мен де Мәншүк Мәметова сияқты батыр қыз болғым келеді.

Қан майданға Орал өңірінен 76 мың азамат аттанса, соның 36 мыңына туған жердің топырағы бұйырмапты. Елге есен оралған майдангерлердің 6-сы биылғы Жеңіс күнін қарсы алды.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов