3 тарау, 23 бап. Бұл Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастырылуы мен қызметін реттейтін заңның мазмұны. Парламент палаталарының бірлескен отырысында тиісті заң жобасы таныстырылып, депутаттар құжатты мақұлданды. Сонымен қатар жиында Астанасының мәртебесі туралы және «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заң жобалары қаралды.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы. Алдымен соған тоқталсақ. Ол қоғамдық, этномәдени бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар және жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңес өкілдерінен жасақталады. Өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Жалпы 126 мүшесі бар. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Негізгі жұмысты хатшылық атқарады. Бұл кеңес халықтан түскен ұсыныстарды сараптап, зерделеп, заң әзірлеу бастамасына ие болып отыр. Сонымен бірге өте өзекті деп саналатын мәселелерді бүкілхалықтық референдумға шығару мәртебесі де беріліп отыр.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан Халық Кеңесі кемінде жылына бір рет шақырылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Сессиясы және Қазақстан Халық Кеңесінің Төралқасынан тұрады. Сонымен қатар комитеттер, комиссиялар және жұмыс топтарын құру мүмкіндігі көзделеді.
Астана ерекше мәртебеге ие болады
Келесі қаралған заң Астанасының мәртебесі туралы. Құжатта бас қаланың тұрақты даму үшін құқықтық негіз қалыптастырылған. Жергілікті биліктің өкілеттігі кеңейеді және бірқатар салаға инвестиция тарту, өндірістерді дамыту сынды бастамаларға жол ашады.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қаржы орталықтарымыз бар, басқа да орталықтар, ІТ орталықтары — соның бәрі Astana қаласының даму жоспарында көрсетілген. Стратегиялық жоспар бір жағынан 2050 жылға дейін, екінші жағынан 2035 жылға дейін қарастырылған. Сол жоспарлардың барлығын сапалы заңнамамен қамтамасыз ету — негізгі мақсат.
«Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобасы таныстырылды
Сонымен қатар «Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заң жобасы қаралды. Мамандар бұл құжат мемлекеттік қызмет сапасы мен халықтың өмір сүру деңгейіне, әсіресе ауылдық жерлерге тікелей әсер ететінін айтуда.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір аумақтық құрылымға қатысты цифрландырылған орталық құрылады да, барлық өзгерістермен тараптардың барлығы цифрлық системаға енгізілетін болады. Яғни бұл барлық әкімшіліктерге, өңірлерге қатысты орталық қор болады.
Жоба аясында елді мекендерге атау беру, оларды қайта атау кезінде тұрғындардың пікірін ескеріледі.
Айта кетейік, қолданыстағы заң осыдан 30 жұыл бұрын жасалыпты. Мазмұндық жағынан ескіріп, бірқатар тұсы қазіргі заман талаптарына сай келмей қалған. Жаңа құжаттағы өзгерістер олқылықтарды жоюға және жаңа сын-қатерлерге жауап беруге бағытталған.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев