Медиаторлардың қажырлы еңбегі мен судьялардың салмақты шешімдері жыл сайын мыңдаған шаңырақтың шайқалмауына септігін тигізіп келеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылы кәмелетке толмаған балалары бар 1 мың 432, ал былтыр 1 мың 844 отбасыны қамтыған. Бала мүддесін бәрінен жоғары қоятын сарапшы мамандар елордада бас қосты. Жоғарғы Сот, ЮНИСЕФ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар кеңесінің өкілдері кибербуллинг пен кәмелетке толмағандардың цифрлық құқықтарын қорғау жолдарын талқылады.
Жоғарғы Сот азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов бала құқын қорғауға бағытталған мәселелер еліміздің құқықтық жүйесі үшін маңызды екенін атап өтті. Жиынға қатысқандар «баланың мүддесін жоғары қою» қағидатын сот практикасына интеграциялап, терапевтік сот төрелігі моделін енгізу қажеттігін айтты. «Халықаралық балаларды қорғау күніне» орайластырылған көрме де ұйымдастырылды. Оған Жоғарғы Соттың судьялары мен Сот әкімшілігі қызметкерлерінің балалары мен немерелерінің суреттері қойылған.
Лейла Зинашева, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:
- Соттар жүзеге асырып жатқан жобалар аясында «Отбасы көмек» жобасы шеңберінде психолог пен медиаторлардың ата-аналық міндеттерін бөліп, баланың болашағы үшін күресу керек екенін көріп отырмыз. Сондықтан біздің ортақ мақсатымыз – баланың ең үздік мүдделері қағидатын күрделі отбасылық және азаматтық дауларды шешу кезінде әр судьяның практикалық қарауына айналдыру.