Павлодар облысында ауыл шаруашылығында маман жетіспейді. Алдағы екі жылда 32 инвестициялық жоба жүзеге асады. Олардың дені мал шаруашылығы өнімдерін өңдеп, суармалы жер көлемін көбейтуге және азық-түлік сақтайтын қоймалар салуға бағытталған. Демек бұл салада жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында жеті мыңдай кәсіпорын бар. Жергілікті шаруалар мал басын көбейтіп, егін егумен айналысады. Алайда кәсіпті кеңейтуге кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр.
Әсет Байманқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Павлодар облысында ауылшаруашылық саласында негізгі жұмыс орнының тапшылығы бар деп айтуға болады. Атап айтқанда, олар жұмысшы мамандықтар бойынша тракторист, машинист, операторлар және агрономдар арасында және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша тапшылық бар.
«Қара жұмысқа адам табылғанымен, техниканың тілін білетін кәсіби маман аз», - дейді жұмыс берушілер. Кей қожалықта электронды бақташы жүйесі орнатылып жатыр. Жылқышының өзі көлікпен жүреді. Жалақысы да жақсы. Бірақ жастардың бұл кәсіпке қызығушылығы аз.
Ермек Жәкетаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Айлықтарын 700 мыңға дейін қоямыз. Бірақ қазіргі күнде дұрыс маман болмай тұр. Біздің техникалық паркіміз ұлғайып жатыр. Жаңа техника алып жатырмыз. Жаңа косилкалар алып жатырмыз, жаңа комбайндар алдық. Сосын жаңа тракторлар алдық. Олардың бәріне дұрыс мамандар керек. Жаңа техника ғой, бұрынғы техника емес, джойстикпен жұмыс істейді, компьютері бар.
Яғни цифрлық техниканы басқаратын білікті мамандар керек. Кейбір кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшысын қайта даярлықтан өткізіп, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік жасаған. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы саласына кадр даярлайтын сегіз колледж бар. Мысалы, жоғары инновациялық аграрлық колледжін жыл сайын 400-ге жуық түлек бітіріп шығады. Ветеринар, агроном, зоотехник және механизаторлардың 90 пайызы жұмысқа орналасады. Көбі ауылда емес, қаладағы кәсіпорындарға орналасуға тырысады.
Әсел Көпеева, Жоғары инновациялық аграрлық колледжі директорының міндетін атқарушы:
- Біз шәкірттерімізді алдымен кәсіби тәжірибеден өту үшін ірі шаруашылық кәсіпорындарына жібереміз. Олар 150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Кейін мамандығы бойынша сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасады.
Ауылға маман тартуда мемлекеттен қолдау бар. Бірреттік көтермеақы беріп, баспанамен қамту қаралған. Алайда жастардың ынтасы әзірге төмен болып тұр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков