Астанада «Ulttyq Ónim» көрмесі ашылды

  • 7
  • 22.05.2026, 19:34

Қазақстандық бизнес те өркендеп келеді. Бүгін Астанада отандық өндірушілердің дәстүрлі «Ulttyq Ónim» көрмесі ашылды. Халықаралық Экспо орталығында өтіп жатқан көрме 3 күнге жалғасады. Отандық кәсіпкерлердің бүгінгі аяқалысы қандай?  

Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. 2025 жылдың өзінде «Даму» қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде 13 мың жоба қолдау тауып, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Фархат Сәрсекеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің мақсатымыз шағын және орта бизнесті қолдап, ең жақсы өнімдерді елордамызға әкеліп, осындай шара жасап отырмыз. Биылғы жоспарымыз 3 трлн теңгелік жобаға қолдау көрсету. 

Шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосып отырған үлесі 41%-ға жетті. Ал салада жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 4,5 миллион адамды құрайды. Мүны бүгінгі өтіп жатқан көрмеден байқай аламыз. Себебі былтыр бұл алаңға 300-ден аса кәсіпорын өз өнімдерін алып келсе, биыл ол 2 есеге артты. Ұйымдастырушылар бұл көрме тарихындағы рекордтық көрсеткіш деп отыр. Бүгін 600-ден аса компания азық-түліктен бастап жеңіл және ауыр өнеркәсіп, IT, машина жасау, жиһаз, құрылыс сияқты көптеген отандық өнім түрлерін ұсынуда.

Мавлуда Юсупова, көрмеге қатысушы:

- Біздің өнімдерімізді балмұздақ арқылы біледі. Осы көрмеде кондитерлік өнімдерімізді де таныстырудамыз. Бүгін Қытайдан келген делегация мүшелері келіп, ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты. 

Бүгінде шағын қалалар мен ауылдардағы микро және шағын бизнеске кешенді қолдау көрсетуге арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ ел кәсіпкерлері нейрожеліні де өндіріске енгізіп, оның игілігін көруде.

Данил Берёзин, көрмеге қатысушы:

- Біз 2 жылдан бері өз компаниямызда роботтандыру мен жасанды интеллекті қолданамыз. Ең бірінші дәнекерлеуші роботтарды енгіздік. Ол жұмыс өнімділігін арттыруға сеп болды. 

Ұлттық өнім алаңында панельдік сессиялар, тегін шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Көрме 24 мамырға дейін жалғасады. 

Құралай Жұмахан, Аян Сәрсенбаев