Атырау облысында егістіктің 90% тамшылатып суарылады

  • 5
  • 09.06.2026, 19:50

Атырау облысында егістік алқаптарының 90 пайызына тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Биыл 10 мың гектар жерге дәнді-дақыл себілді. Кей жерлерде ерте көктемде егілген өнімді жинауға дайындалып жатыр. Диқандардың айтуынша, жаңа технология суды үнемдейді. Әрі, климаты құрғақ өңірде мол өнім алуға болады.

Егіс алқабына Жайық өзенінен ұзындығы 3 мың метрден асатын құбыр тартылған. Шаруашылық биыл 120 гектар алқапқа картоп, сәбіз, қызылша, пияз және қауын-қарбыз екті. Ерте егілген дақылдарды 3-4 реттен суарып үлгерді. Тамшылатып суарудың пайдасын көрген егіншілер үнемдеуді  меңгеріп алған.

Баһадүр Сайытов, оператор:

- Бұрынғы арық жүйесіне қарағанда, мына тамшылатып суару әдісі өте үнемді су беру тәсілі. Егінге де жақсы. Құбыр бойындағы қысымды ауа райына байланысты 2,5 атмосферамен беріп тұрмыз. Ертең күн ысыған кезде 3,5 атмосфераға дейін көтереміз.

Қожалық ерте көктемде алқапқа 12 түрлі дақыл сепкен еді. Алғашқы өнім аз күнде тұтынушыға жетеді. Жаңа технологияға негізделген шаруашылық: «Қауын-қарбыздың әр гектарынан 50 тонна, картоп пен көкөністі 20-25 тоннадан аламыз», - деп жоспарлап отыр.

Айдос Байниязов, агроном:

- Осы айдың аяғына қарай пісетін капустамыз бар. Сонымен қатар қауынымыз, қызылшамыз бар. Одан әрі шілде айының басына қарай картоп шығады, қарбыз шығады. Солай жалғаса береді. Негізі құбырмен суару тиімді. Өйткені арықпен суарсақ, канал толып болғанша, түске дейін уақыт кетеді. Мұның артықшылығы – арамшөп аз болады, жер тұздан тазарады.

Ерте көктемде облыстағы 200-ден астам егін шаруашылығы 10 мың гектардан астам алқапқа дән септі. Оның 90 пайызы жаңа технологиямен суарылады. Климаты қатал, суы тапшы өңір үшін бұл өте тиімді. Биыл қосымша 800 гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин