Азот оксидінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді

  • 9
  • 10.06.2026, 19:34

Қазақстанда «көңіл көтеретін» газ деп аталып кеткен азот оксидінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді.

ІІМ мәліметінше, 1 қаңтардан бастап Қылмыстық Кодекстің 301-бабына сәйкес, күшті әсер ететін заттарды заңсыз тасымалдау, сақтау және таратуға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған орай, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында рейд өткізді. Жыл басынан бері 49 заңсыздық анықталып, мың жарымнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленген. Сонымен қатар көрші елдердің бірінен азот оксидін жеткізу ісі әшкереленді. Барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:

- Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енді, оның шешімі бойынша кінәлі адам сегіз жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. ІІМ барлық азаматтарды, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілерін азот оксидін өткізуге және  таратуға жол бермейтіні туралы ескертеді. Тыйым салынған заттарды тасымалдауға, сақтауға және өткізуге қатысы бар барлық адамдар жауапкершілікке тартылады.