Судың да сұрауы бар! Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көбірек ақы төлейтінің анық. Ал елде тіршілік көзіне үнеммен қарау мәдениеті қалыптаса бастаған. Мәселен, Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде халық санының өсуіне қарамастан, бір адамға шаққандағы орташа су тұтыну көлемі күрт азайыпты. Сонда тұрғындар нақты қанша су ішіп жүр? Елдің өзге өңірлері ше?
Айгүл Есімсейітова суды үнемдеп тұтынуды әдетке айналдырған. Жеміс пен көкөністі алдымен ыдысқа су толтырып шаяды. Кейін оны гүл суару үшін қолданады. Өзінің айтуынша, отбасы мүшелері де осы әдісті дағдыға айналдыра бастады.
Айгүл Есімсейітова, қала тұрғыны:
-Біздің отбасымызда 5 адам бар. Барлығы да суды үнемдеуге үйренді десем болады. Мәселен, жуынғанда науаға су толтырғаннан гөрі, себезгіні қолданған дұрыс деп есептейміз. Тіс тазалағанда да солай. Су шүмегін жауып отыруды әдетке айналдырдық. Бұл біз үшін қалыпты жағдай.
Астаналықтармен қатар, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да су ресурстарына ұқыпты қарауға дағдылана бастаған. Тиісті министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, елорда да бір адам 2024 жылы орта есеппен 70,9 текше метр су тұтынса, былтырғы көрсеткіш 67,8 текше метрге тең болған. Оңтүстік астана тұрғындарының су тұтыну көлемі де өткен жылы 73,3-тен 69,1 текше метрге түскен. Ал Шымкент бойынша көрсеткіш 2025-те 62,5 текше метр. Сарапшылардың айтуынша, бұл тіршілік көзіне ұқыпты, үнемді қараудыы түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ ауыл шаруашылығы саласына суды үнемдеу технологиясын енгізу басқармасының бас сарапшысы:
-Қоғамда суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында министрлік тұрмыстық жағдайда суды үнемдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Осы ұсынымдар қамтылған ақпараттық материалдар 145 нысанда орналастырылды. Олардың қатарында 18 әуежай, 22 теміржол вокзалы, 20 автовокзал, 75 сауда-ойын-сауық орталығы және 10 білім беру ұйымы бар. Сонымен қатар балалар мен жастар арасында су ресурстарына ұқыпты көзқарас қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде - болашақты сақта» атты ауқымды жоба іске асырылып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Себебі, Қазақстан су тапшылығы жоғары елдердің қатарына жататындықтан, оны үнемдеу және тиімді пайдалану аса маңызды. Ал бұған дейін Қазақстан БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерген болатын. Бүгінде оны шетелдік сарапшылар да қолдап, жоғары бағасын беріп отыр.
Михал Кравчик, Water Holistic халықаралық бағдарламасының негізін қалаушы:
- Бұл өте дер кезінде көтерілген бастама. Өйткені бүгінде әлем климаттық, экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мұнда су ресурстары шешуші рөл атқарады. Қазақстан ұсынып отырған БҰҰ жанындағы Халықаралық су ұйымы мемлекеттер арасындағы су қатынастарына оң ықпал етіп, тәжірибе мен білім алмасуды күшейтуге, сондай-ақ халықаралық және ұлттық су заңнамасын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда жаһандық су мәселелерін шешуді орталықтандыру аса өзекті. Еліміздің «жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасы уақыт талабына сай қабылданған.
-«Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасы шағын су айналымдарын қалпына келтіруге негізделген. Өкінішке қарай біз әлі күнге дейін жауын-шашын мөлшері жер беті мен топырақтан буланатын ылғалға тәуелді емес, ал жаңбыр тек мұхиттардан келген су есебінен қалыптасады деген түсініктен арыла алмай келеміз. «Жаңа су парадигмасына» сәйкес жаңбыр суы – тіршіліктің негізі.
Жалпылай алғанда, елімізде су көздерін тиімді, ұтымды және үнемді пайдалануға қатысты жұмыс қолға алынған. Сондай-ақ Каспий және Арал теңіздері алаптарында, Балқаш-Алакөл бассейнінде топырақтағы ылғалды сақтау және жауын-шашын суын ұстап қалуға арналған жоспар бар. Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов