Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді

  • 66
  • 01.07.2026, 19:37

Бүгіннен бастап түрлі салада ауқымды өзгерістер енгізілді. Жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енді. Бұдан былай тұтынушылық несие беруде де жаңа талап бар. Сондай-ақ банкаралық бірыңғай QR-код іске қосылды. Аулалар мен қоғамдық орындарды күтіп ұстаудың да жаңа ережелері енгізіліп отыр. Осы және өзге де өзгерістер жайлы келесі бейнематериалымызда.

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді

Бүгіннен бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне еніп, оның аясында 138 нормативтік-құқықтық акті өзектендірілді. Бұған дейін сала цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтетіні хабарланған болатын. Сондай-ақ құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтілмек

Тұтынушылық несие алу тәртібі өзгереді

Енді банктер ел азаматтарының төлем қабілеттілігін қатаң бағалай бастайды. Несие беру кезінде борыштық жүктеме мөлшері мен қарыз алушының жалпы қарызының табысына қатынасы мұқият ескерілетін болады. Негізгі көрсеткіштер ретінде зейнетақы аударымдары мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер маңызды. Адам өз табысының көп бөлігін қарыздарын өтеуге жұмсаса, жаңа несиенің мақұлдану ықтималдығы да соғұрлым төмен болуы мүмкін.

Бірыңғай QR-код іске қосылады

Осы айдың 19-ынан бастап елімізде бірыңғай банкаралық QR-код іске қосылады. Ол клиенттер үшін өте ыңғайлы. Сатушыда қай банктің QR-коды тұрғанына қарамастан, ол өз банкінің қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Бірыңғай стандарт сатып алушылар мен бизнес үшін төлемдерді жеңілдету үшін енгізілген.

Қоғамдық орындарды күтіп ұстау

Бүгіннен бастап елімізде қалалар мен елді мекендерді көркейтудің үлгілік қағидалары қолданысқа енді. Жеке үй иелері қасбеттер мен қоршаулардың жағдайын қадағалауға, іргелес аумақты жинауға, жасыл желектерді күтіп-баптауға міндетті. Құрылыс қалдықтарын меншік иелері бөлек шығаруы тиіс. 

Кедендегі өзгерістер

Шілдеде Қазақстанда және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде кедендік ресімдеу мен бақылаудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Бұл өзгерістер рәсімдерді цифрландыруға және сыртқы экономикалық қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.