Бүгіннен бастап кім көрінген самокат айдай алмайды. Жаңа талаптар күшіне енді. Сомокаттарды басқару тәртібі қатаңдатылды. Енді олар көлік құралы ретінде тіркеліп, тіркеу нөмірін алады. Ал 25 тамыздан бастап электр самокатпен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге және жолаушы тасымалдауға тыйым салынады.
Бүгіннен бастап Қазақстанда электр самокаттарды пайдалану ережелері мен кикшеринг сервистерінің жұмысы өзгерді. Жалға беруші компаниялар самокаттарды тіркеуге, оларға сәйкестендіру нөмірлерін орнатуға, сақтандыруды ресімдеуге, көліктің техникалық жағдайын бақылауға және арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға міндетті болады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік-полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Яғни кез келген құқықбұзушылық, жол апаты, ұрлық, т.б. тәуекелдер орын алған жағдайда электр самокатты анықтау қиынға соғатын. Нөмерлік айқындайтын белгілері болмағандықтан, сұрақтар көп туындады. Енді электр самокатты жалға беретін компаниялар 1-шілдеден бастап өздерінің есебінде тұрған бүкіл электр самокатқа нөмерлік белгілер береді. Яғни автокөліктерге берілетін нөмірлік белгілер сияқты емес, әрбір компания бірінші әріпі W болады да, одан кейін өзінің санағында электр самокаттың санын, реттік нөмермен белгілеп шығады.
Самокатты пайдаланушыға қатысты да талап бар. Енді операторлар пайдаланушының жеке басын және оның жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруі тиіс.
Нұрлан Жорабай, қала тұрғыны:
- Мен бұрын-сонды самокатқа жиі мінетінмін, жұмысқа барып келгеніме өте оңай еді. Қаламыз мегаполис, үлкен кептеліс көп. Заңға байланысты өзім үшін ыңғайсыз болып қалды. Жаяу немесе автобусқа, таксимен баруға тура келеді. Себебі менде жүргізуші куәлігім жоқ.
Бұл өзгерістер жол-көлік оқиғаларын азайтып, қаладағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жыл басынан бері елімізде электр самокаттардың қатысуымен 100-ге жуық жол апаты болып, 3 адам қаза тапты. Жарақат алғандардың саны - 105. Оқиғаның көбі Алматы мен Астана қалаларында орын алған.
- Егер сіздің жүргізуші куәлігіңіз болмаса немесе куәліктен айырылған болсаңыз, сіз онда автокөлікке арналған жолдың жиегімен жүре алмайсыз. Яғни сәйкесінше электр самокатты автокөлікке арналған жолдың оң жақ шетімен басқару үшін адам 18 жасқа толған болу керек. Оның куәлігінде кез келген санаты болу керек. Сонымен қатар ол міндетті түрде тағылған шлеммен жүру керек. Ал түнгі мезгілде жарық қайтарғыш элементтері бар киім бе немесе тағы басқа құралдары болу керек. Егер де сізде жүргізуші куәлігіңіз болмаса, онда сіз жаяуларға арналған жолмен жүре аласыз. Ол жерде ешқандай талап жоқ. Бірақ басымдылық жаяу жүргіншілерде.
Тағы бір маңызды ақпарат - 25-ші тамыздан бастап электр самокат жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков