Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 31 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, өңірде бала алдындағы міндетін орындамай жүрген 4 мыңға жуық борышкер есепте тұр. Жыл басынан бері 132 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 82 жанға айыппұл салынған. Қалалық Әділет департаментінің бастамасымен қарызын өтей алмай жүргендер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылады. Нәтижесінде 200-ден астам борышкер жұмысқа орналасқан.
Айнұр Исабекова, қалалық әділет департаментінің басшысы:
- Халықты көп мазалайтын мәселелердің бірі ол алимент өндіру саласы. Қазіргі таңда қаламызда 13 мың 845 осы санаттағы іс бар. Оның ішінде 3 мың 287 бойынша алименттің қарыз берешегі қалыптасқан. Яғни алимент төлеушілер өздерінің міндеттемелерін 3 айдан астам мерзім бойы орындамаған.