Түркістан облысында ағын су арналары мемлекет меншігіне қайтарылды

  • 8
  • 22.07.2026, 19:45

Түркістан облысының Шардара ауданында ағын су арналары мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Жылдар бойы жекенің иелігінде болған каналдар қараусыз қалған. Соның салдарынан су ысырап болып, бірқатар егістік алқабы игерілмей қалды. Енді 241 канал жауапты мекеменің қарамағына өтіп, оларды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Достық ауылының шаруалары үшін су тапшылығы негізгі мәселеге айналғалы қашан. Қараусыз қалған каналдар тозып, суару жүйесінің жұмысы әлсіреп қалған. Арналардың бүлінуінен су егін алқаптарына толық жетпей, бірқатар жер игерілмей қалған.

Маратбек Батырханов, шаруа: 

-Каналдар ремонт көрмеген. Оның үстіне шұрық тесік болған. Каналдардың цементтері орнынан көшкен. Содан кейін зәктеп су өтеді. Канал діттеген жеріне су жетіп бара алмайды. Содан кейін жан-жақтағы шаруалардың жеріне зәк көтеріліп кетеді. Соныменен шаруаларымыз мысал үшін 500 гектар жердің 200 гектар жерін ғана игеріп жатты.

Ақшеңгелді ауылдық округіндегі жағдай дәл осындай. Мұнда 7,5 мың гектар суармалы жердің тек 4,5 мыңы игеріліп келген. Каналдардың тозуынан су алқаптарға толық жетпеген. Осы күнге дейін 500-ден астам шаруа қожалығы су жүйесін өздері тазалап, жөндеп шығынға ұшыраған.  

Бауыржан Әбибулла, шаруа қожалығының басшысы:

-Осы кезге дейін канал бізге, негізгі осы ауылға, СПК-ға жалға беріліп келді. Жалға аламыз да, қалған шығынның бәрін  жалпы өзіміз көтереміз. Ремонты бар, тазалауы бар. Жекеменшіктен мемлекетке өтетін болса, біз жалға ақша төлемейміз. Шығын азаяды. Тек өзінің су ақысын ғана төлейді.

 Қазір каналдарды мемлекет меншігіне беру рәсімі жүріп жатыр. Су арналары «Қазсушар» мекемесінің қарамағына өтіп, кезең-кезеңімен қалпына келтірілмек. Мамандардың айтуынша, бұл су ысырабының алдын алып, егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір бірқатар нысандар жөндеу жұмыстары басталған.

Нұрбақыт Нұрсейітов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Ақшеңгелді және Тұрысбек ауылдық округтерінде каналдар жөнделуде. РШ-1, РШ-2, РШ-3 каналдары Жалпы 6 миллиард жуық жуық қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда аталған каналдарда жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 910 гектарға жуық жер қайта айналымға қосылатын болады.

Мамандардың айтуынша, алдағы кезеңде жөндеуді қажет ететін бірқатар канал мемлекетке беріледі. Негізгі мақсат - суару жүйелерінің жұмысын жақсартып, шаруаларға қолайлы жағдай жасау.

 Айша Кошеман, Ерболат Әбіш