Шымкентте өндірістік парк ашылды

  • 5
  • 25.08.2026, 19:34

Шымкентте шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған өндірістік парк ашылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұнда жалпы құны 16 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өңірдегі өнеркәсіп көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Мұхаммед Али Аййылдызға жаңа индустриялық парктен аумағы 5 мың шаршы метрден асатын ғимарат жалға берілген. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында ғимарат салуға уақыт пен қаржы жұмсамай, бірден өндірістік желіні іске қосқан. Қазір кәсіпорында екі ауысымда полиэтилен және пластик өнімдері шығарылады.

Мұхаммед Али Аййылдыз, өндіріс орнының басшысы:

Ғимараттың аумағы кең, бізге өте қолайлы. Дайын нысанға жабдықтарды бірден орнатып, өндірісті іске қосқан тиімді. Бұл өзге жерде өндіріс орнын салуға кететін шығынды азайтады.

Индустриялық кешен қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр. Өнеркәсіпті дамыту жоспары аясында медициналық бұйымдар, жиһаз және газ қазандықтарын өндіретін жобалар іске қосылды. Соның нәтижесінде техникалық және инженерлік мамандарға сұраныс артқан.

Бақытжан Социалов, қойма меңгерушісі:

Жұмыстың автоматтандырылғаны еңбек үдерісін едәуір жеңілдетеді. Қазір мұнда Қытайдан келген үш инженер жұмыс істейді. Олар жергілікті мамандарға тәжірибесін үйретіп жатыр. Болашақта өз арамыздан инженерлер даярлауға мүмкіндік болады.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру үшін жыл соңына дейін тағы екі индустриялық парк ашу жоспарланған. Бұл 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазір инвесторлар мен кәсіпкерлер арасында келісімшарттар жасалып жатыр.

Үсен Исаев, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:қ

Шымкент қаласында осындай үш шағын өнеркәсіп аймағы іске қосылды. Жалпы аумағы 41 мың шаршы метрден асады. Кәсіпкерлер жобасының ерекшелігіне қарай 5, 10 немесе 20 жылға келісімшарт жасай алады. Мұнда түрлі өнім өндіруге мүмкіндік бар. Бұл қала экономикасын әртараптандыруға жол ашады.

Мемлекеттік бағдарлама аясында инвесторлар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жеңілдетілген несие алған. Мұндай қолдау кәсіпкерлердің өндіріс көлемін ұлғайтып, толық технологиялық тізбек құруына мүмкіндік береді.

Биыл Шымкентте 30-ға жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.