Алматы облысында қой жүнінен жасалған тыңайтқыш өндіріледі

  • 8
  • 27.08.2026, 20:04

Алматы облысында қой жүнінен органикалық тыңайтқыш өндіріле бастады. Кәсіпорын жаңа технологияның көмегімен табиғи шикізатты тиімді пайдалануды көздеп отыр. Себебі елде жыл сайын қырқылатын қой жүнінің 60% астамы кәдеге жарамай, қоқысқа тасталады.

Жүннен жасалған органикалық тыңайтқыш топырақтың құнарлылығын арттыруға көмектеседі. Өнім әлемдік FIBL тізіміне енген.

Бұл өнімді егіншілікте қолдануға мүмкіндік беретін құжат. Жүн өңдейтін зауыттар көбіне биязы жүнді пайдаланса, мұнда қылшық жүн де кәдеге жарайды. Кішкентай түйіршіктер 1-2 ай бойы өсімдікті минералдармен қоректендіреді. Тыңайтқыш ылғалды өзіне сіңіріп, көлемін 20 есеге дейін ұлғайтады. Уақыт өте құрамындағы азот, фосфор, калий, күкірт, кальций және магний топыраққа бөлініп шығады.

Айдын Құдайбергенов, зауыт директоры:

- Қой жүнінің проблемасы бар. Бұл тек тыңайтқыш шығару мәселесі емес. Жүн жыл сайын өртеліп жатыр. Оның экологияға зияны тиіп жатыр. Қырқу кезеңінде жүнді жинап аламыз. Бұл зауыт жылына 1000 тоннадай өнім шығара алады.

Кәсіпорындағы құрал-жабдықтар Германиядан әкелінген. Алдымен қырқылған қой жүні тазартылады. Одан кейін жоғары температурада зиянды бактериялардан залалсыздандырылады. Мамандардың айтуынша, 1 тонна табиғи жүннен 900 келі өнім алуға болады.

Сымбат Әміров, цех басшысы:

- Бұл органикалық өнім. Мұнда ешқандай химиялық зат қосылмайды. Қой жүнінің құрамындағы минералдар пайдаланылады. Бес минералдың барлығы қойдың өз жүнінде бар.

Бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын өніміне Болгария, Ресей, Оман және Еуропа елдерінің өкілдері қызығушылық танытып отыр.

Ернұр Рысбай, Кенже Амраев