Қазақ телевизиясы қара жамылды. Ел-жұрт «Хабар аға» атап кеткен бұқаралық ақпарат саласының көрнекті өкілі, ардагер тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар 75-ке қараған шағында дүниеден өтті. Ол бар ғұмырын тілшілікке арнады. Телевизияда тікелей репортаждың тарланы атанды. 10 мыңнан аса репортаж дайындап, көрерменнің көзайымына айналды. Отандық телевизияда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Көрермендері Тілеуқабыл ағаны кәсіби шеберлігі, салмақты сөзі мен журналистикаға деген адалдығы үшін жақсы көрді.
Осы бір қоңыр дауыс иесі Тілеуқабыл Мыңжасарды көрермені жақсы көрді. Ол да кәсібіне адал болды. Ширек ғасыр көгілдір экраннан түскен жоқ. Жаңалықтар бөлімінде тілшілік етті. Зейнетке шыққанша микрофонын қолынан тастаған жоқ.
Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:
- Осы мамандықты 40 жылдан астам атқардық қой. Соның ішінде 26 жылы, 91 жылдан зейнеткерлікке шыққанша тілшілікті атқардым. Тілші ғана болдым. Мен басқа бір продюсер болып, болмаса бас редактор болып, бастықтың орынбасары деген сияқты қызметтер атқармағам.
Тілеуқабыл аға еңбек жолын қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында бастаған. Кейін туған өлкесі Түркістандағы аудандық газетте жұмыс істеді. 1995 жылы «Хабар» агенттігі құрылып жатқан тұста Алматыға көшіп келеді. Одан кейінгі ғұмыры түгелдей «Хабармен» байланысты. Содан болар халық ол кісіні «Хабар аға» деп атап кетті. 1998 жылдан Алматы облысының меншікті тілшісі болды. Жетісу жерінен 20 жылдан аса ақпарат таратты. Өңірдегі ауылдарды түгелдей аралап, әртүрлі тақырыпта мыңдаған репортаж дайындады. Елдің тыныс-тіршілігін көрсетті.
Қуаныш Түргенбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ телеоператоры:
- Тілекеңмен 15 жылдай жұмыс істедім. Өте жарық, жақсы адам болатын. Корпунктке кіріп келгенде күнде әзіл айтып, біздің көңіл-күйімізді көтеріп, корпунктің жалпы атмосферасын жандандырып жіберетін. Тілекеңмен жұмыс істегенімді мен өте мақтанамын.
Тілеуқабыл аға үшін тақырыптың үлкен-кішісі жоқ. Барлығы маңызды. Сол жерде болып жатқан оқиғаны қаз-қалпында айтып, көрерменге тамаша жеткізетін. Сондықтан әріптестері мен достары «тікелей репортаждың тарланы» деп атайтын.
Сауытбек Абдрахманов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Тікелей репортаж жанрында біздің Тілеуқабылдың алдына түсетін адам болған емес. Шын мәнінде, шебер болатын. Ал адам ретінде біздің жүрегімізге ерекше жақын адам. 56 жыл дос болдық. Біз өзіміз Қабыл дейміз. Қабылдың мінезі, Қабылдың жүрегі, Қабылдың мейірімділігі, Қабылдың әзілі деген айтып жеткізе алмаймын. Өте бір аяулы адам еді.
Тілеуқабыл Мыңжасар отандық телевизияда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол кісінің шығармашылығы, жазуы, оқуы ешкімге ұқсамайтын. Ардагер тілші ақпаратты жедел таратумен ғана шектелген жоқ. Ұлттық журналистика мектебін қалыптастыруға сүбелі үлес қосты.
Мейрам Жанәділов, ардагер журналист:
- Талдықорғанда Жетісу өңірінде домбыраның қос ішегіндей бірге жүрдік, бірге қызмет атқардық. Ол кісі көптеген шәкірттер дайындап кетті. Қазір сол Жетісу өңірінде жүрген «Хабар», «24KZ» арнасының тілшілері мен операторлары сондағы шығармашылық топтың бәрі де Тілеуқабыл ағаның шәкірттері. Жаны жанатта болсын. Біз ешқашан сізді ұмытпаймыз Тілеуғабыл аға.
Тілеуқабыл Үсенұлы - мамандықтың үлгісін сөзбен емес, іспен көрсете білген жан. Ұзақ жылғы еңбегі, тәжірибесі, пайымдары мен естеліктері «Жаһанды жаулаған жанр» және «Хабар аға және оның қалжыңдары» деген атпен кітап болып басылып, оқырманға жол тартты.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы атанды. «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығына ие болған. Тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінің қалыптасуына зор үлес қосқан Тілеуқабыл Мыңжасардың есімі телевизия тарихында мәңгі сақталады. Бақұл болыңыз, «Хабар аға»!