Алматыда жаңа экожоба іске қосылады

  • 5
  • 31.08.2026, 19:35

Алматыда 1 қыркүйектен бастап жаңа экологиялық жоба іске қосылады. Бостандық ауданының мектеп, балабақшалары мен колледждері қоқысты бөлек жинайтын ортақ жүйеге біріктіріледі. Жоба «Green APP Almaty» деп аталады. Оған қатысатын әр білім беру ұйымына жеке парақша ашылады. Онда қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың жиналған көлемі көрсетіледі. Сонымен қатар, білім алушылардың экологиялық іс-шараларға қатысу белсенділігі анықталады. Қалдықтар аудан аумағындағы екі экологиялық хабқа тапсырылады. Ең белсенді қатысушыларға ұпай беріледі, ынталандыру үшін марапаттар да қарастырылған. Жоба «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Алдағы уақытта экобастамаға Алматының өзге де аудандарын қосу жоспарда бар.

Евгений Мұхамеджанов, жоба авторы:

- Бағдарлама адамдардың экологияға деген ойын өзгертуді көздейді. Бұл ең алдымен әр адамның туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы деп білемін. Осыны адамдарға қызықты әрі заманауи тәсілдер арқылы жеткізгіміз келеді.