Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданындағы бақылау өткізу пункті жаңғыртылады. Шекарадағы бекетке апаратын жол толық жөнделген болатын. Енді арнайы аймақта заман талабына сай ғимараттар салынады. Бұл – көліктердің өту жиілігін арттырып, көршілес елмен арадағы барыс-келісті жеңілдетеді. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы елдегі барлық автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту қажеттігін айтты.
Шығыс Қазақстан облысында екі бақылау өткізу пункті бар. Оның бірі - Зайсан ауданы Омбы-Майқапшағай трассасындағы бекет былтыр толық жаңартылып, заманауи кешенге айналды. Қытаймен арада қатынайтын көліктер бұрын сағаттап кезек күтетін. Екі жолақты жол екі есе кеңейтілгеннен кейін өткізу мүмкіндігі артты. Одан бөлек, әрқайсысына 100 көлік сиятын екі автотұрақ салынды.
Дмитрий Сенцов, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Бұрын бұл жермен өту қиын еді. Ұзақ жолда айналма учаскелер көп болды. Қазір жақсы, еш кедергі жоқ. Тез өтеміз.
Шемонаихадағы өткізу пункті де назардан тыс қалған жоқ. Алдымен бекетке жеткізетін жол жөнделді. Ресеймен арадағы 120 шақырымнан асатын бұл жолмен күніне мыңдаған көлік жүреді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл Уба өткізу бақылау пункті. Бұрын жолаушылар үшін де, жүргізушілер үшін де бұл жер қолайсыз болатын. Автокөліктер жол шетінде, саз балшыққа батып тұратын. Енді жағдай өзгерді. 100 көлік сиятын автотұрақ жасалып, маңай толық жаңғыртылды.
Инфрақұрылымның жақсаруы кәсіптің дамуына да септігін тигізеді. Ержан Дәкиев жаңа мейрамханасына қажетті асүй жабдықтарының көпшілігін шет елден алдыртқан. «Күрежолдардың сапасын сонда байқадым», – дейді ол.
Ержан Дәкиев, кәсіпкер:
- Қазір міне, Өскеменмен арадағы жолды алсаң да, Ресейге апаратын жолды алсаң да тақтайдай болып сайрап жатыр. Бұл өңірдің бүкіл облыстың транзиттік әлеуетін күшейтері сөзсіз.
Енді өткізу бекетіндегі ғимаратты жаңғырту қалды. Мамандардың айтуынша, бұндағы нысандар толық сүріліп, орнына жаңасы салынады. Осылайша көлік өткізу жиілігі едәуір артады. Бұл жоба келесі жылы басталады.
Нұрбек Темірханов, «Қазавтожол» ҰК шқо филиалының директоры:
- Бұл өткізу пунктін жаңғыртуға байланысты қазір қажетті құжаттарды дайындап жатырмыз. Жыл соңына дейін ол мемлекеттік сараптама қарауына енгізіледі. Келер жылы жұмысты бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Сонымен өңірдегі екінші бақылау өткізу бекеті де заманауи кешенге айналады. Президент атап көрсеткендей, бұл жобалар Қазақстанның жаһандық транзиттік дәлізге айналуы үшін үлкен маңызға ие.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов