Стоматологиялық қызметтің өзекті мәселелері талқыланды
Дәрілердің теріс әсері мен оның дұрыс қолдану тұрғысында да жиі кемшіліктер болады. Бұл мәліметтер Қызылордада өткен тіс дәрігерлерінің облыстық семинарында айтып, саладағы кенжелеп қалған түйткілдер талқыланды.
Адам 32 тісін жастайынан күтіп ұстауы керек. Тісің түгел болса, денсаулығың да дұрыс болады. Қызылордалық стоматологтар осындай пікір білдірді. «Кейде күрделі әрі қиын операциялардың өзі осы мәселеден туындап жатады», – дейді ақ халаттылар.
Қонақбай Мүслімов, облыстың бас стоматологы:
- Қазір елімізде кездесіп жатқан жағдайларды анафилактикалық шок дейміз. Кішкене асқынулар болады. Соған дәрігерлер сертификат алса, мамандарды тереңірек оқытсақ, асқынуларды болдырмайтын еді.
Осындай бірқатар мәселені талқылау үшін тіс дәрігерлері арнайы оқу-семинарда бас қосты. Бүгінде тіс емдеу кезінде ауруды сездірмейтін анестетиктерді дұрыс қолданбау жағдайлары жиілеп кеткен. Емделушілер анафилактикалық шокқа түскен жағдайда дәрігерлер қандай әрекет жасауы тиіс? Семинарға арқау болған басты тақырыптың бірі осы болды.
Майра Көпбаева, Қазақстан Стоматологиялық қауымдастығының басқарма төрағасы:
- Дәрілерді дұрыс таңдай білу, ағзаға теріс әсері болған жағдайда асқынулардың алдын алу – тіс дәрігерлерінің ең маңызды міндеті. Бұл мақсатта шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге де өзгерістер енгізу күтілуде.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, өңірде стоматологиялық қызметті дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 6 жыл бұрын Қызылорда қаласында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясында қызмет көрсететін облыстық стоматологиялық емхана ашылды.
Олжас Ысқақов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Стоматологияда 33 қызметкеріміз бар, оның ішінде 22-сі жоғары білімді дәрігерлер. Және әр ауданда мемлекеттік стоматологиямыз бар. Сондай-ақ бізде тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.
«Бүгінде стоматология үлкен мүмкіндіктерге ие болса да, тіс аурулары көрсеткіші бұрынғысынша жоғары», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Альхайдар Турлыханов