Қазақстанда 3 мың адамға донор ағзасы керек
Олардың өміріне тек донорлар ғана араша бола алады. Бірақ өкініштісі соңғы жылдары донор таппай жан тапсыратындар көбейіп барады. 2017 жылы 91 адам, 2018 жылы 120, ал былтыр 150-дей жан ағза алмастыру операциясына жете алмай, көз жұмған. Ал ең өкініштісі соңғы 8 ай бойы бір де бір ағза ауыстыру операциясы жасалмапты. Оның басты себебі донор жоқ. Әрине әркімнің түсінігі әрқилы, «донор бол» деп талап қоюға да ешкімнің хақысы жоқ. Десе де соңғы кезде бұл мәселе жиі талқыланып жүр. Қазіргі күні Парламент қабырғасында қаралып жатқан Денсаулық кодексінде де көтерілді. Құжатқа енгізілетін өзгерістер донор санын арттыра ала ма?
Өзгелер үшін жай ғана темір-терсек болып көрінуі мүмкін. Бірақ Талғат Айнақұловтың өмірі 4 жылдан бері осы темірге тәуелді. Өз жүрегінің қызметі нашарлаған соң дәрігерлер осыны орнатып берді. Темір жүрегін иығындағы қара сөмкесіне салып 24 сағат бойы қызғыштай қорып жүреді. Өйткені қуаты бітсе, су тисе, бір жері бүлінсе, аппарат қызметін кілт тоқтатуы мүмкін. Ал ол тоқтаса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Талғат Айнақұлов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Маған өмір беріп отырған осы жүрек болғандықтан, өзімнің жүрегімдей қабыл аламын. Үш кг-ны күнделікті көтеріп жүрудің өз ыңғайсыздығы бар.
Талғаттың өмірін ұзартатын бір ғана нәрсе бар. Ол – донордың жүрегі. Бірақ 8 айдан бері жүрек трансплантациясы тоқтап тұр. Өйткені донор жоқ. Қазір елімізде талғат секілді 3 мыңнан аса адам ағза ауыстыруға мұқтаж.
Оның 2900-іне бүйрек керек, 300-іне бауыр керек. 130-дайы: «Жүрегім қай күні тоқтап қалады?», – деген қауіппен жүр. Ал 12 науқастың тез арада өкпесін ауыстыру қажет. Бұл 3 мың жанның бір ғана тілегі бар. «Донор табылса екен», – дейді. Әйтпесе бүгін ертең о дүниеге аттануы мүмкін.
Сәуле Талғатқызы, трансплантацияны үйлестіру бөлімінің бастығы:
- Оның арасында балалар да, жас адамдар бар. Көбінесе 18-25 жас аралығындағы адамдар. Қазіргі кезде осы күту парағындағы адамдардың ішінде қайтыс болғандары да бар.
Қазір кез келген жан көзі тірісінде емханаға барып, донорлыққа келісетінін не келіспейтінін көрсете алады. Бұл ақпарат өмірден өткенінше құпия сақталады. Бірақ профессор Жақсылық Досқалиев ешнәрсені жасырмайды. Ол – көзі тірісінде донор болуға келісім берген санаулылардың бірі.
Жақсылық Досқалиев, профессор:
- Әрине, мен түсінемін, біреудің жалғызы, біреудің асырап отырған адамы болар. Бірақ қайтыс болған соң адам қайтып келмейді. Сондықтан «қайтыс болғаннан кейін ағзасын берейік» деп қазақстандықтарды шақырамын. Дамыған елдерде солай жасалады.
Қазір дін өкілдері де шариғат талаптарына сүйеніп, донорлыққа рұқсат беріп отыр. ҚМДБ ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа да шығарды.
Медет Құрмашұлы, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Ағзаны ауыстыру тірі адамнан немесе өлі адамнан болуы мүмкін. Тірі адамның дәрігерлер «емі осы» дейтін болса, өлі адамнан ауыстыруға келетін болса, анық дүниеден өткен адам болуы керек.
Бұған дейінгі «Денсаулық» кодексінде мәйіттің ағзасын еш сұраусыз ала беруге болатыны көрсетілген еді. Бірақ қазақы қалыпқа сай дәрігерлер қаза болған адамның туыстарынан рұқсат сұрап келген. Десе де заңдағы бұл тәртіп қоғамның қарсылығын тудырды. Сондықтан құжаттың жаңа жобасында тек туыстарының рұқсатымен алынатыны жазылған. Бірақ ағзасын беруге қоғамның көзқарасы өзгермей, ешбір құжат донор тапшылығын жоя алмасы анық.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Есбол Жамшитов, Жандос Сұлтанғазы