ШҚО-лық әже қоғамдық жұмыстар мен игі бастамалармен айналысуда
Мысалы ШҚО-дағы Тарбағатай ауданында тұратын Манат әжей соның дәлелі. Иә, ол жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында «бұл сусынды жақсы ниетпен ішу керек» деп есептейді.
Манат Әлімжанова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Наурыз көже – қазағымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі тағамы. Ол 7 түрлі, не 9 түрлі заттың қосындысынан жасалады. Оның бәрі қолдан өсірілген, жерден шыққан тағам болады. «Ақ мол болсын!» деп сүт, қатық, құрт қосады. Қыста соғымға сойылған еттен арнайы осы Наурыз мейрамына апалар сақтап қояды. Қазақтың ырымында наурыз көжені тойып ішсе, келесі жылға дейін ауырмай, сырқамай, тоқ болады, бай болады дейді.
6 жастағы Інжу үшін ерекше күн. Әжесі шеберлік сабағын өткізіп, ұлттық тағамдардың қыр-сырын түсіндіріп жатыр. Биыл Ұлыс күні кеңінен тойланбаса да, әр отбасында кең дастархан жайылған. Ақ тілектер ағылып, жұрт Алладан ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқауын тілеп отыр.
Манат Әлімжанова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Жаңа жылда бәрімізді Аллам жарылқасын! Келесі келе жатқан Рамазан айына аман-есен жетуге нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан өркендеп, өсе берсін!
Манат әжей қазіргі төтенше жағдай кезінде ең бастысы үрейге бой алдырмай, береке мен бірлікті күшейту керек деп есептейді. Атамыз қазақ ежелден аурудың атын атамай, оны жақсы ниетпен, ізгі амалдармен жеңгеніне сенеді.
Ұлар Жомартов, дезинфекциялық қызмет маманы:
- Мейрамда қазір төтенше жағдай болып жатыр. Қазір тамақ ішуге де уақыт болмай жатыр. Апамыз бізге келіп, наурыз көже беріп, бізді құттықтап жатқанына үлкен рахмет! Елімізге тыныштық берсін, осы төтенше жағдайдан бүкіл Қазақстан өтіп кетсін! Мейрамдарыңыз бәріңізге құтты болсын!
Қажы апа зейнетке шықса да, кәсіптен қол үзген емес. Қоғамдық жұмыстар мен игі бастамалардан қалыспайды. Қазір Ақсуаттағы тігіншілерге бетперде тіккізіп, оны мүмкіндігі шектеулі, мұқтаж отбасыларға таратумен де айналысып жүр. «Осылайша қысылтаяң шақта бір-бірімізге демеу болсақ, бұл сынақты да аман-есен еңсереміз», – деп есептейді ол.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы