Таразда карантин режимі жеңілдетілмейді
Аймақ бойынша қауіпті вирус 160-қа тарта адамнан анықталса, соның жартысына жуығы облыс орталығында тіркеліп отыр.
Бүгінге дейін шаһарда 19 тұрғын үйдің кіреберісі оқшауланған. Қазіргі ахуалды жұрт дұрыс түсініп отыр. Тіпті 14 күні карантинде өткізген тұрғындар төтенше жағдай өмірлік сабақ болғанын айтады.
Бұл – Әлия Ахметованың 14 күндік карантиннен кейін балаларын алып алғаш рет далаға шығып отырған сәті. Оның көршілерінен коронавирус анықталып, №59 тұрғын үйдің кіреберісін жауып тастаған еді. Тұрғындар бастапқыда қорқып, абдырап қалғандарын айтады.
Әлия Ахметова, қала тұрғыны:
- Қорқады екенсің. Біз өзіміз ауырмағаннан кейін, білінбейді. Бізге жай болып жатқан сияқты. Негізінде өзіміздің подъезден шыққаннан кейін қорқа бастадық. Қорыққанымыз сонша, көршілердің үйіне кірген жоқпыз. Сыртқы есікті де ашқан жоқпыз. Бүгіннен бастап шығып, қуанып жатырмыз. Бәріміз үйде отырып, осы індетті ертерек жеңіп шықсақ деген ойдамыз. Халқымыз аман болсын!
Ал Илья Василенко: «Бақыт деген болмашы нәрседен тұратындығын ұғындым. Тіпті дүкенге азық-түлік алуға еркін барудың өзі жағымды іске айналды», – дейді. Бәрінен де балаларды үйде ұстап отыру қиынға соққан. Бұл үйде карантинге 42 адам оқшауланған. Оның 20-ы бала.
Илья Василенко, қала тұрғыны:
- Бұл барлығымызға үлкен сабақ болды. Мұндай болады деп кім ойлаған?! Еш дайындықсыз болдық. Еркіндіктің қадірін түсіндік. Алғашқы 5-6 күнде үйде жатып демалғанымызға қуандық. Адам одан да жалығады екен. Қалай болғанда да шыдамдылық танытқан жөн. Індетті жеңудің жолы сол ғана.
Қазір қаладағы оқшауланған осындай 19 кіреберістің 10-ы ашылды. Алайда шаһардағы эпидемиалогиялық жағдай әлі тұрақталмаған. Бір жағы карантиннен шықса, артынша жұқтыру дерегі тіркеліп жатыр. Кезекті оқиға Қойгелді көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде анықталды.
Ғабит Әбділдә, қалалық Тауарлар, қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір коронавирус инфекциясымен тіркелгендер саны жиілеп кетті. Сол себепті карантин режимі жеңілдетілмей отыр. Қойгелді көшесіндегі тұрғын үй карантинге жабылған болатын. Ол жерде науқас анықталып, бірден инфекиялық ауруханаға оқшауланды. Науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы карантиндік стационарға жатқызылды.
Карантиндік режимнің жеңілдеуі коронавирус жұқтыру дерегінің тұрақталуына байланысты. Мамандар қауіптің әлі де сейілмегендігін айтып, босаңсуға болмайтындығын ескертеді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә