Ақтөбе облысының әкімдігі соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден табыстады
Биылғы төтенше жағдайға байланысты ардагерлер үшін орталық алаңдарда бас қосып, ерлікті тағы бір мәрте еске алуға мүмкіндік бола қоймайды. Сондықтан аймақ басшылығы оларды үйлеріне барып құттықтап жатыр.
Нәжмеддин Аманбаев 18 жасында Беларусь ормандарында от кешіп жүріпті. СҚО-да туып өскен ардагер – Қызыл әскердің жеңісті шеруін бастағандардың бірі. Одан кейін Балтық теңізі жағалауын фашист басқыншыларынан азат етіп, Литва мен Латвияда болған ұрыстарға қатысқан. Сұрапыл соғысты көрген ақсақал: «Ол кезеңдер ешқашан қайталанбаса», – деп тілейді.
Нәжмедин Аманбаев, соғыс ардагері:
- Елге төзімділік, ауызбіршілік керек қой. Ауызбіршілік болса, бәрін де істеуге болады, бәрі де қолдан келеді.
Биылғы материалдық көмек өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Соғыс ардагерлеріне бөлінген 29 млн теңгені айтпағанда, оларға теңестірілген азаматтарға 100 мыңнан, майданнан қайтпаған жауынгерлердің жесірлеріне 50 мыңнан, тылда еңбек еткендерге 30 мыңнан үлестірілді. Ардагерлерді құттықтап үйлеріне барған облыс басшысы Оңдасын Оразалин ел Президентінің жылы лебізін де жеткізді.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Соғысты жеңу, соның барлық тауқыметін көтеру өзіңіздің заманыңызға, уақытыңызға келді. Қазіргі таңда мына мемлекетіміздің дамуының жалпы болашағына, Отанға қызмет етудің және патриотизмнің озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді.
Соғыстан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тер төккен ардагер Николай Пащенко үшін қос мереке. Жеңіс күні қарсаңында қызмет еткен өндіріс мекемесі жеңістің 75 жылдығына орай ардагерге өз үйінің төменгі қабатынан пәтер алып берген. Елдегі карантин жағдайына байланысты ауқымды мерекелік шаралар уақытша тоқтатылғаны мәлім. Сондықтан жергілікті әскери бөлім солдаттары қарт жауынгерлер үшін салтанатты шеруді үйінің алдында ұйымдастырған. Қатармен өткен жас сарбаздар аға буынға осылайша алғыс білдіріп, ізет көрсетті.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов