Пандемия салдарынан әлем бойынша әуе тасымалы көлемі 70% қысқарды
Қазір көптеген сала дағдарыс кезеңін бастан өткеруде. Солардың бірі – авиация саласы. Осы пандемия салдарынан әлем бойынша әуе тасымалы көлемі 70% қысқарды. Біздегі авиация саласы қандай қиындықтарға тап болып отыр?
Риат Шони, тілші:
- Қазір қазақстандық әуе компаниялар өз шығындарын есептеу үстінде. Бұл сан күн сайын өзгеріп отыр. Шынымен де осы пандемиядан қатты зардап шеккен салалардың бірі азаматтық авиация екені жаһанға мәлім. Мәселен, финпром сараптамалық агенттігінің ақпаратына сай Европадағы ең ірі әуе компанияларының бірі Люфтганза сағатына 1 млн еуроға жуық табысынан айырылуда. Ал CNN-ның мәліметінше, АҚШ-та жолаушылардың әуе тасымалы 96% кеміген. Елімізде де жағдай көңіл көншітпейді. Мұны азаматтық авиация комитетінің өкілдері айтып отыр.
Салтанат Томпиева, ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- 2020 жылы болжам бойынша, әуе компаниялар 235 млрд, әуежайлар 24,5 млрд теңге табыс таба алмаулары мүмкін. Мамандардың пікірінше, 1,5-2 жыл уақыт кетеді.
Қазақстандағы ең ірі әуе компанияларының бірі – Air Astana. FlyArystan лоукостерлері де осы компанияға тиесілі. Коронавирус алпауыт мекемені де шығынға батырып отыр. Өйткені ақпан-мамыр айларында Air Astana 137 млн доллар табыс табуды көздеген еді. Шын мәнісінде бұл сома 91,4 млн доллар ғана болды. Компания 45,6 млн доллар табысынан қағылды. Ал сәуір айындағы шығындар әзірге жоқ.
Әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің айтуынша, алдағы уақытта рейстердің 55%қайта іске қосылады. Болжам бойынша, бұл көрсеткіш қазан айында 65% жетуі мүмкін. Ал Air Astana ұшақтары толығымен әуеге тек келер жылдың шілде айында көтеріледі деп жоспарланып отыр. Сондықтан шығынның кем дегенде бір бөлігін өтеу үшін әуе компаниясы жүк тасымалымен де айналысқан екен.
Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:
- Қалыпты жағдайда біз аптасына 11 мыңға жуық рейс жасайтын едік. Соңғы алты аптада бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. Жеті күнде тек 4-6 рет қана ұштық. Жоқтан тәуір ғой, әрине. Бірақ тиімділігі төмен. Қазір біздің сала күрделі кезеңді басынан өткеріп жатыр.
Енді мұндай күрделі жағдайда Питер Фостер әуе компанияның IPO-ға шығуына да еш негіз жоқ екендігін атап өтті. Себебі дағдарыс кезеңін өткеріп жатқанда инвесторлардың қызығушылығы кемімесе, артпайды. Шығынға белшесінен батып отырған жалғыз Air Astana ғана емес. Өзге де әуе компаниялары жоспарланған табыстарынан қағылды.
Виктория Старожилова, «SCAT» әуе компаниясының PR департамент басшысы:
- Наурыз бен сәуір айларындағаы тікелей шығын көлемі 5,6 млрд теңгені құрайды. Бұған салық, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету, жолаушылардың билеттерін қайтарулар кіреді. Ал осы аралықта көрмеген табысымыз 18 млрд теңгенің маңайында болып отыр.
Бұл шығындардың салдары кадрлардың қысқаруына да алып келген секілді. Өйткені Қазақстанның авиациялық әкімшілігі АҚ Бас директоры Питер Гриффитстің айтуынша, мұндай жағымсыз жаңалықтар бізде де бар екен.
Питер Гриффитс, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директоры:
- Қазақстанда 20 мыңға жуық авиациялық маман жұмыс істейді. Қазір оның 1500-і жұмысынан айырылды. Тағы 9 мыңға жуық ұшқыш, инженер, бортсеріктер де жұмыссыз қалуы мүмкін. Қазақстанда ұшуын тоқтатқан 157 ұшқыш бар. Олар өздерінің кәсіби деңгейін сақтап тұру үшін ұшулары қажет. Біліктілікті қайта қалпына келтіру өте қымбат тұрады.
Енді елдегі авиация саласы біртіндеп қайта қалыпты жұмысына кірісіп, дағдарысты еңсереді деп сенеміз. Өйткені ел ішінде көптеген бағытта әуе рейстері қайта жанданды. Борт ішінде отырғызу қашықтығы алынып тастады. Ұшақ жолаушыға 100% толы болатындықтан, әуе тасымалдаушылар билет құнын қыбаттатпайды деген үміт бар. Өйткені қазір тек әуе компаниялары ғана емес, қарапайым халық та қиын кезеңді бастан өткеру үстінде.