БҚО-да 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша тағы 4 білім ордасы жаңартылмақ.
Сала басшылары кең ауқымды құрылыстың жаңа оқу жылына дейін уақытылы аяқталарына сенімді. Себебі барлық нысанда қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Оралдың орталығында орналасқан №21 мектептегі наурыздың ортасынан бері мүлгіген тыныштық бүгін бұзылды. Тек тыныштықты балалардың күлкісі, қоңыраудың сыңғыры емес, құрылысшылардың балта-балғасының сарт-сұрт еткен дыбысы бұзды. 1973 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ордасы жаңа оқу жылын жаңартылған кейіпте қарсы алмақ.
1350 орынға арналған білім ордасында бүгінде 1500 бала оқиды. Жарты ғасырға жуықтаған ғимараттың жылыту жүйесі әбден тозғандықтан, аязды күндері мектеп іші тез суып кетеді екен. Кәріз, су құбырлары да шіріп біткен, апатты жағдайда тұр.
Лаура Шаркөбенова, №21 мектептің директоры:
- Былтыр жобалық-сметалық құжат жасағанда осының бәрі ескерілді. Барлық инженерлік желі жаңартылады. Одан бөлек шатыры, едені ауыстырылады. Жоба бойынша құрылыс құны 630 млн тг болса, мердігер компания 524 млн тг-ге ұтып алды. Жаңа оқу жылына дейін жөндеу аяқталады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл өңірде 26 білім ордасы күрделі жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 4 мектеп жаңартылады. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай кең ауқымды құрылыс жұмыстары бұрын-соңды болған емес. Мәселен, былтыр облыста тек 3 мектеп жөнделген.
Айымгүл Тұржанова, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Оған республикалық бюджеттен 8 млрд 245 млн теңге бөлініп отыр. Жалпы облысымыз бойынша 86 мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Аудандарда жұмыстар басталып кетті. Күрделі жөндеу маусым айының ортасында басталатын еді. Биыл ерте басталды. Осы карантинді пайдаланып 1 қыркүйекте оқу жылын бастауға дайын боламыз.
Күрделі жөнделетін 30 мектептің 3-і облыс орталығында болса, қалғаны аудандарда. Соның бірі – Теректі ауданы, Ақсуат ауылындағы білім ордасы. Мұндағы құрылыс жұмыстарына 33 жергілікті азамат тартылыпты. Ал жалпы өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 8700 тұрғын екі қолға бір күрек таппақ.
Ақылбек Ғұбаев, Теректі ауданы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Жөндеу жұмыстары кезінде қызметке тартылдым. Жолақыға, тамаққа шығын жоқ. Өте ыңғайлы.
Сондай-ақ өңірде үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы 20 мектеп бар. Оқушы орны тапшылығын жою мақсатында күні бүгін 4 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 3 білім ордасының құрылысы биыл басталмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов