Өскемендегі автокөлік құрастыру зауыты тығырыққа тірелді
Өндіріс өкілдері зауыт жұмысы тоқтауы мүмкін екенін ресми мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұған өнеркәсіп орнына осыған дейін қолдау көрсетіп келген еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен арадағы келісімшарттың күшін жоюы ықпал еткен.
Өскеменде жылына 120 мың автокөлік шығаратын толық циклді зауыттың салынып жатқанына жеті жыл боп қалды. Алайда әлі де аяқталар түрі жоқ. Дәл осы келеңсіздік бүкіл автохолдингтің болашағына кедергі келтіретін түрі бар. Негізі толық циклді кешеннің бастапқы цехтары осыдан үш жыл бұрын қолданысқа берілуі керек еді. Сол үшін автозауытқа мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілген. Мәселен бірнеше жыл қатарынан кәсіпорын қосымша құн салығынан, утилизациялық алым сынды шығындардан босатылды. Алайда Үкіметтің осындай демеуіне қарамастан жұмыс өнбеген.
Ержан Иманслям, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының басшысы:
- Өнеркәсіптік құрастыру бойынша келісімшарттар сол құжатта көрсетілген міндетті орындауға негізделеді. Оның өндіріс қарқынын тежеуге қатысы жоқ. Бүгінгі күні дәл осы бағытта бізбен ешқандай келісімшартқа отырмай-ақ, яғни мемлекеттің ешбір қолдауынсыз, өз бетінше жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп жатқан кәсіпорындар бар.
Қысқасы министрліктің айтуынша, зауыт өзінің құжатта көрсетілген міндеттерін орындай алмаған, десе де жеңілдіктерді қолданып келген. Ал кәсіпорын басшылығы: «Жаңа зауыт құрылысын жеделдетуге тырыстық», – дейді. Сол үшін 70 млн теңге қаражат бөлінген. 2012 жылы автохолдинг тағы да салық жеңілдіктеріне ие болады. Дегенмен құрылыс мерзімі 2019 жылға дейін шегерілген. Әрі қарай мүлдем тығырыққа тірелген.
Ержан Мандиев, автохолдингтің бас директоры:
- Бұл кездері тұтынушылар тарапынан сұраныс тым азайып кететінін ешкім болжаған жоқ. Ол көлік нарығына үлкен әсер етті. 2013 жылдан бері нарық төрт есе қысқарса, тек өткен жылы ғана 45% қамтып, біраз көтерілді.
Жағдай ушыққан үстіне ушығады. «Оған көлік нарығындағы сұраныстың түсуі, шетелдік көліктердің елге ағылуы сынды факторлар ықпал етті», –дейді зауыт өкілдері. Ал биыл әлемдік пандемия етектен тартқан. Сөйтіп сәуірде 318 438 отандық жаңа көлік тіркеуге алыныпты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 30% кем. Дегенмен мемлекет автозауытты үнемі қолдап келді. Оған мысал – бес жылға арналған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жасалуы. Ол үшін 100 мдрд теңге қарастырылған. Биыл жыл басынан бері оның игілігін алты мыңға жуық адам көріп, сәйкесінше автозауыттар мен диллерлерге 169 млрд теңге пайда түскен. Ал сарапшылар: «Өскемендегі зауыттың жабылуы әлеуметтік мәселеге ұласуы мүмкін», –дейді. Өйткені ол салада бес мыңнан астам кәсіби маман жұмыс істейді
Олег Алфёров, сарапшы:
- Біз айтып отырған келісімшарттың жойылу-жойылмауының маңызы зор. Өйткені қаншама мыңдаған адамның, кәсіби мамандардың жұмысы осыған байланысты. Болашақта бұл кәсіпорын тіпті 12 мың адамды жұмыспен қамти алатын қауқарға ие болар еді.
Қазақстандық автокөлік бөлшектерінің тек 33% ғана отандық, кейбірінде 50% әрең жетеді. Сондықтан темір тұлпар құны доллар бағамына тәуелді. Бірақ «бұл еліміздегі автоөндіріс болашағынан үміт жоқ» дегенді білдірмейді, тек оны жаңғырту керек екенін атап өтті сарапшылар. Ал салалық министрлік болса, автоконвейер жұмысы тоқтамайды деп сендірді. Яғни оған салық жеңілдіктері қайтарылады, тек алдыңғы міндеттемелер орындалуы тиіс.
Ержан Иманслям, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының басшысы:
- Олар алдарына қойған міндеттерін орындап шығулары керек. Егер барлығы ойдағыдай атқарылып, белгіленген межеден шықса, онда жаңадан келісімшарттар жасауға болады.
Түйіндесек, отандық автоөндірістің дамуына негіз бар. Бес жылды қамтитын машина жасауды дамыту бағдарламасының қабылдануы осыған дәлел. Бұл құжатта отандық көліктердің халыққа қолжетімді болуына басымдылық берілген.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин