Алматы әкімі Наурызбай ауданын абаттандыру барысымен танысты
Қала әкімі құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компаниялармен кездесіп, Наурызбай ауданында жазда пайдалануға берілетін нысандардың жұмысымен танысты. Жалпы биыл қалада 214 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 26 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жеті мыңға жуық тұрғыны бар Наурызбай ауданында бірінші кезекте ауызсу тапшылығынан шешу мәселесі болған. Бүгінде Ақжар ықшамауданына 19 шақырымнан аса су және 16 шақырымдық кәріз құбыры тартылды. Құрылыс жұмыстарын аралап көрген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жоспар бойынша ауданда барлығы 121 шақырым су, 85 шақырым кәріз құбыры тартылатынын айтты.
Санжар Тоғай, Наурызбай ауданының әкімі:
- Бізде он шағын ауданда су және кәріз жүйелері жоқ. Сол он шағын ауданның алтауында қыстан бері жұмыстар басталды. Қалған ауданның жұмыстарын биыл бастаймыз. Биыл осы алты ауданды бітіреміз деп жобалап отырмыз.
Жалпы қаланы көркейту мақсатында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Яғни тұрғындардың өтініш-тілегі бойынша жолды жөндеу, спорт алаңдары, серуендеуге арналған демалыс орындары, балалардың ойын алаңдары салынады. Ал Жайлау шағын ауданындағы кәріз құбырын мердігер компания күзге дейін бітіреміз деп отыр.
Виктор Булекбаев, мердігер компания басшысы:
- Әкімшіліктің тапсырысы бойынша салынып жатқан кәріз құбырының 8,5 шақырымын жүргіздік. Яғни жұмыстың 40% бітті. Енді тамыз айында толықтай аяқтап, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Шұғыла шағын ауданында 1 500 орындық, Қалқаман ықшамауданында 1 200 орындық жаңа мектеп салынуда. Күзде Ақжар мен Таусамалы ауылында жаңа балабақша пайдалануға беріледі.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов