Павлодарда кей маскалар аллергия тудыруда
Далада маска киіп жүру оңайға соқпай тұр. Жалпы еркіндікке ештеңе жетпейді ғой. Бетперде демекші, Ертіс өңіріндегі карантин режимінде медициналық бетперделерге қатысты жүйелі мәселелер шықты. Ішкі нарықта маска тапшылығы туындады. Кейін өнімді тігуде пайдаланылатын маталардың сапасы да алаңдата бастады. Әсіресе аптап ыстық кезінде кей бетперделер аллергия тудыра бастады.
Татьяна Крупа – реставратор-ғалым. Мыңдаған жылдық тарихы бар маталарға археологиялық зерттеу жүргізеді. Ол төтенше жағдай кезінде өз қолымен бетперде тігіп қолданған. Кейін медициналық маска сатып алыпты. «3-4 минуттың ішінде бетімде аллергия пайда болып, тыныс алуым қиындап кетті», – дейді. Бұл жолы Алтын Орда дәуіріне жататын матаны емес, қарапайым бетперденің қабаттарын зерттеп көрген.
Нәтижесінде маска қабаттарының ауа өткізу қасиеттері жоқ екеніне көз жеткізді.
Татьяна Крупа, реставратор-ғалым:
- Бұл мәселеге сала мамандары назар аудару керек деп ойлаймын. Дерматологтар тартылу қажет. Мен өзіме табиғи жібек матадан осындай бетперде тігіп алдым. Тығыз әрі бактерицидті бояғышпен боядым. Бұл маска кедергісіз демалуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше ешқандай аллергия тудырмайды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Қазіргі таңда Павлодар қаласының дүкендері мен дәріханаларынан бетперделердің кез келген түрін сатып алуға мүмкіндік бар. Медициналық, қолдан тігілген, респираторлық... Мәселен, мен киіп тұрған масканы құрбым қарапайым бөл матасынан тігіп берген. Таңдау көп болғанмен, оның сапасына қатысты сұрақтар да жетерлік.
Нарықта медициналық бетперде тапшы болған кезде жұрт оны кез келген матадан тіге бастады. Бұл мәселені уақытша шешудің жолы болатын. Десе де терісі сезімтал адамдар үшін сапасыз мата аллергия тудыруы әбден мүмкін. «Мұндай жағдайда бетперделерді тек дәріханалардан сатып алған жөн», – дейді мамандар.
Ольга Ткачук, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың дәрігер-дерматологы:
- Дерматит сияқты тері ауруы пайда болуы мүмкін. Ем-дом шаралары әр адамның терісіне байланысты тағайындалады. Адам ағзасының ерекшеліктеріне орай орташа есеппен 7 күннен 14 күнге дейін жалғасады.
Облыста 300-ден астам дәріханалық ұйым медициналық бетперде сату құқығына ие. Бүгінгі күні өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін сертификат бар. Ел аумағында медициналық маска өндіретін 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Ертіс өңірін бір кәсіпорын қамтамасыз етеді. Онда күніне 5 мың дана бетперде шығарылады.
Әлия Шұғайыпова, облыстың бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторы:
- Өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі құжат жүзінде расталу керек. Сапалы өнім тек дәріханалық ұйымдарда сатылады. Маска тігілетін мата да қауіпсіз болу керек. Мәселен, бұл бетпердеден шаң шығады. Сәйкесінше сапасы мен қауіпсіздігі күмән тудырады.
Сала мамандары: «Сапасыз өнімнен тігілген маскаға мұқият болу қажет», – дейді. Олардың айтуынша, өнімді тігу немесе сатып алуда тиісті нұсқауларын тексеріп, оның денсаулыққа зиянсыз екенінен көз жеткізген абзал.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий