Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн отырысы өтті
Бұл олардың коронавирус кезіндегі қажырлы еңбегінің өтеуі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берді. Жалақы 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен көтерілетін болады.
Індет тек медицина емес, білім саласы үшін де үлкен сынақ болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің де әлеуметтік жағдайын, қоғамдағы беделін арттыруға мән беріп отыр. «Мұғалім боламын» деген жастардың да стипендиясын еселеп бермекші. Жалпы білім саласын дамытуға бөлінетін қаржыны алты есеге көбейтпекші.
Алайда мемлекет тарапынан осындай қолдауға ие бола тұра, саланың шикі тұстары әлі де бар. Жалған диплом тарату, сапасыз оқулық шығару, айта берсе таусылмайды. Ұлттық кеңес мүшелерінің пікірін ескере отырып, Президент осы олқылықпен күрестің жолын айтты.
Төртінші тоқсанда отандық телеарналардан үш мыңнан аса телесабақ көрсетілген. Бұрын-соңды мұндай тәжірибені басынан өткізбеген ұстаздар үшін бұл нағыз сын сағаттар болғаны рас. Ең қызығы телеарнадан таратылған сол сабақтарды Президенттің өзі де бақылап отырыпты. Сабақ берген мұғалімдердің шеберлігін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шынында да қашықтан оқыту білім саласындағы жаңа бет-бейнелердің танылуына себеп болды. Онлайн сабақтарды қарау барысында мұғалімдердің сабақ түсіндіру тәсілдерімен таныстым. Расында да олардың арасында зор құрметке лайық жандардың көп екеніне тағы бір рет көз жеткіздім.
Президент жастарды педагогика саласына көптеп тарту үшін болашақ мұғалімдерге арналған стипендияны 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. «Үздік ұстаздар үшін арнайы награда бекітіледі», –деді. Және білім гранттарының құнын көбейту арқылы ЖОО-дағы оқытушылардың да жалақысы артатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам.
Кәсіптік білім беретін колледждерге де түбегейлі реформа керек. Өйткені бұл оқу орындарының ұсынысы қоғамның сұранысына сай келмей отыр.
Саясат Нұрбек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Қазіргі таңда оларға толық автономия беру керек. Колледждер типтік бағдарламалармен кісенмен байланғандай болып қалған. Жергілікті өңірлік өнеркәсіптің талаптарына бейімделіп, бағдарламалар жасай алмай жатыр. Қазірден бастап колледждерге толық автономия беру керек.
Ғылымсыз экономиканың дамымайтыны анық. Бірақ қазіргі заманның трендтері саналатын биотехнология, нанотехнология, IT салаларында қазақстандық ғалымдардың «аты озып тұр» деуге келе қоймас. Экономикасы дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің 4-5% ғылымға құйылады екен. Ал біз небәрі 0,35% қанағат тұтып отырмыз. Президент: «Салаға бөлінетін қаржыны көбейту керек», –деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2025 жылға қарай оны ЖІӨ-нің 1% дейін жеткіземіз. Бірақ ешкім оқымайтын, қажетсіз зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылады. Оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Әсіресе медициналық-биологиялық зерттеулерге, агроөндірістік ғылымға, «Жасыл» технология мен жасанды интеллект салаларына ерекше мән беріледі.
Ал қазақ тілін оқыту ісі бұдан былай оқу орындарынан басталады. Сол үшін Президент Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағындағы тіл комитетін келер жылдан бастап Білім және ғылым министрлігіне беру керек деді. Өйткені тілді оқыту, әдістемелік құралдарды, оқулықтарды дайындау бір орталықтан басқаруды жөн санайды. Оқулық демекші, Мемлекет басшысының мектеп оқулықтарына көңілі толмайтыны белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселе жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Біздегі оқулықтардың сапасы өте нашар. Сондықтан сол оқулықтарды жазған адамдардың жауапкершілігін заңмен бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындады ма, онысы жарамай қалды ма, онда жазған адам жауапқа тартылсын. Басқаша болмайды.
Оқулықта олқылық барын мамандар да мойындайды.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Ол оқулықты жазатын мектептерде, ЖОО-да жұмыс істеп жүрген мамандар. Оларға пікір айтатын, тексеру жұмыстарын жүргізетін өзіміз қатарлас мамандар. Сондықтан осы орта кәсіби тұрғыдан өсуі тиіс. Ол үшін халықаралық тәжірибені де зерттеу керек.
Тәжірибе алмасуды Президент де құп көреді. Сондықтан жыл сайын кемінде 100 ғалым әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберетін болды. Мемлекет бұған қаржы бөлуге дайын. Сондай-ақ докторлық жұмысқа ден қойғандардың да стипендиясы көбейеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Докторанттардың көбі отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезде стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет.
Нәтижесінде 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есеге көбеймекші. Бірақ бұл қаржы арзан білім, жалған дипломның жолында шашылмауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып шығаруды үрдіске айналдырған оқу орындарын жабу мәселесін тағы көтерді.
Мұрат Әбенов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Әлі жабылып біткен жоқ, ондай ЖОО-лар өкінішке қарай көп. Ондай оқу орындарынң артында қаржылық топтар тұр. Министрліктерге жағдай бермейді. Бірақ Президент тағы қосымша тапсырма беріп айтты. Біз мұны қолдаймыз.
Кеңестің үшінші жиыны негізінен әлеуметтік салаларды реформалауға арналды. Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау, білім, бизнес салалары үшін ауыр сынақ болды. Әсіресе еліміздегі дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз етуде біраз олқылық анықталды. Бізде ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Бірақ нарықтағы дәрілердің 88% сырттан келеді екен. Президент Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырды.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев