Петропавлдағы сүт зауыты Моңғолияға экспортқа шықты
Кәсіпорын карантин кезінде тоқтамай жұмыс істеп, өндіріс көлемін бәсеңдеткен жоқ. Мемлекеттің қолдауымен қайта құрылған зауыттың қазіргі жай-күйі қалай?
Бұл – индустриаландыру бағдарламасы бойынша қайта құрылған сүт зауыты. Кәсіпорынға екінші дем беру үшін 3,5 млрд теңге құйылып, озық қондырғылар қойылды. Соның арқасында 240 адам тұрақты түрде табыс тауып жүр.
Юлия Кудина, зертханашы:
- Мен кәсіпорын ашылғалы бері жұмыс істеп келемін. Айлығымыз тұрақты. Карантин кезінде өндіріс тоқтаған жоқ. Маған ұнайды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір кәсіпорын күніне 350 тонна өнім шығарады. Оның тең жартысы көрші Ресей еліне экспортталады.
Енді Моңғолияға да жол ашылды. Зауытта сүт пен шырын өнімдерінің 40 түрі шығарылады. Өндіріс автоматтандырылған. Технология тың.
Роза Сүлейменова, сүт зауытының директоры:
- Жаңа технологияның арқасында біздің өнімнің шығару мерзімі де, көлемі де ұлғайды. Бүгінгі күні біздің жетістігіміз Қазақстанның барлық түкпір-түкпірдегі ауылдарына дейін жетеді. Алдағы жоспарымыз – Қытай еліне шығару.
СҚО-да сүт өңдейтін 14 кәсіпорын бар. Ішкі нарық толық қамтылған. Былтыр шаруалар алыс-жақын шетелдерден 1000 сүтті сиыр сатып алып, өндіріс көлемін еселей түсті.
Талғат Наурызбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Егер біз 2010 жылмен салыстыратын болсақ, ол кезде агроқұрылымдарда 39 мың тонна сүт өндірілген. Қазіргі кезде біз 181 мың тонна сүт өндіреміз. Өндіріс көлемі 4,5 есеге артып отыр.
Өңірде шикізаттың сапасын арттыру үшін биыл 10 заманауи тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов