Елордада соңғы төрт айда мыңнан аса адам алаяқтардың құрығына іліккен
Соңғы төрт айдың өзінде мыңнан астам оқиға тіркелген. Келтірілген шығын да айтарлықтай қомақты: 3 млрд теңгеден асады.
Біреудің аңғалдығы, кейде құнығып кетуі өзгелерге зардабын тигізуде. Ал қылмыскерлердің кейбірі ұсталғанымен, қолды болған қаржыны толықтай өндіріп алу мүмкін болмай тұр. Кейбір істер бойынша тіпті күдіктінің кім екенін анықтау қиынға соғуда.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Теледидар мен пешті сөндірдім, терезені жаптым, есікті құлыптадым. Бұл көпшілігіміз жұмысқа кеткенде немесе сауда-саттық басқа да себеппен сыртқа шыққанда жасайтын үйреншікті ісіміз. Десе де құлыптың сырын білетіндер үшін бұл аса үлкен тосқауыл емес. Санаулы сәтте есікті ашып, пәтеріңізді тонап кетеді. Бұл – оқиғаның орын алуы заттың иесіне тәуелді емес, ұрының аңдып жүріп жасайтын кәсібі.
Ал алаяқтықтың ұрлықтан айырмашылығы: қылмыскердің пайда табуына болашақ жәбірленуші адамдардың өздері көмектеседі. Қалай?
Рустам Шарибаев, Полиция департаменті бастығының орынбасары
- Әлеуметтік желі, басқа да ақпарат көздерінен естіген дерек бойынша адамдар қаражатын, құнды заттарын ерікті түрде көрсетілген мекемеге апарып береді немесе мекенжай мен банктік есепшотқа жібереді. Сол баяғы әдіс 10 күн немесе 1 айдан кейін ақшаны еселеп қайтарамыз дегенге сенеді. Қылмыскерге тікелей өздері көмектескендігін сезбейді де.
Айтылған уақыт келгенде уәде етілген ақша да, құнды зат та жоқ. Жыл басынан бері тек елорданың өзінде түрлі алаяқтықтың құрбаны болған 1161 адам арызданыпты.
Рустам Шарибаев, Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- «Гарант», «Выгодный займ», «Эстейт» ломбард. Олардың алаяқтық жолмен азаматтарға келтірген шығыны 3 млрд теңгеден асады. Қылмыстың басты ұйымдастырушылары басқа қалада екені анықталды. Мән-жайды толық білу үшін тергеушілер тобын сонда жібердік.
Тергеу мәліметтеріне сай ломбардтар қабылдаған көліктерді келесі тұлғаларға рәсімдеп үлгерген. Ондай 300-ден аса факт анықталған. Енді көлікті соңғы сатып алушы да, бұрынғы иесі де қожайындық етіп даулап жүр. Яғни алаяқтықтың зардабы өзгелерге де тиюде.
Дмитрий Демидов, қалалық ІІД криминалдық полиция бастығы:
- Сондай-ақ бізде «Котел», «Успешные деньги» деген ойындар мен қаржылық пирамидаларға алданған тұрғындардың өтініштері де бар. Ал WhatsApp мессенджерінде «Реальные доходы-1» және «Реальные доходы-2» тобындағы қаржылық пирамиданы құрған тұлғалар ұсталды.
Мамандар осылай алаяқтықтың түрі көбейді деп дабыл қағуда. Жуырда бір топ алматылық криптовалюталық пирамида құрбаны болғаны анықталды. Ел бойынша жәбірленушілер қатары мыңдап саналады деген дерек бар.
Алаяқтықтың тағы бір түрі – жұмыс тауып беремін деп ақша жинау. Алматыда оны ұйымдастырушыға қатысты іс сотқа жетті. Күдікті «Еуропада табысты еңбек етесің» деп әр адамнан 3 мың АҚШ доллары көлемінде ақша жинаған. Ол үшін кеңсе ашып, клиенттерін Дания мен Норвегияға виза рәсімделді деп алдаған.
Әйгерім Бөлекбаева, жәбірленуші:
- Мен визалық орталыққа келгенімде ол болмай шықты. Тек жалған құжат жасаған адамдар ғана болды. Ол агенттіктің өзі де, менің Еуропаға баратын жолсапарым да өтірік болып шықты.
Міне, осылай қылмыс түрленіп барады. Мамандар әсіресе интернет алаяқтықтың жиілегеніне алаңдаулы. Тек елордада жыл басынан бері 500 адам зардап шеккен. Көбіне кінәлілерді анықтау мүмкін емес.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин