Атырау облысы кәсіпкерлері өнімді өңдеуге бет бұра бастады
Өткен екі жылда ет, сүт өнімдерін өңдеу, көкөніс түрлерін қалбырға салу цехтары іске қосылған. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету бағытында да кешенді жобалар бар.
Мұның барлығы да мемлекет қолдауы арқылы жүзеге асып отыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бойынша былтыр 100 адам несие алған. Биыл тағы 500 млн теңгенің 30 жобасы қаржыландырылатын болады.
Миялы ауылының тұрғындары Айжан Ізімованың қолынан шыққан ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Оның шағын цехында тәулігіне 4 тонна ет пен 100 фарш дайындалады. Қазір мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Күзгі-қысқы соғым кезінде қосымша қол күші тартылып, цех үш ауысыммен жұмыс істейді. Себебі бүгінде ауылдықтар малдарын тек осы арадан сойғызып, дайындап алуды жөн санайды. «Әзірге мұнда 4 түрлі өнім шығарылса, келешекте 30-ға дейін жеткізу ойда бар», – дейді кәсіпкер.
Айжан Ізімова, жеке кәсіпкер:
- Табақ тарту, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау, ет өнімін өңдеп, дайын түрде халыққа жеткізудеміз. Ең бастысы ата-бабамыз дәріптеген дәстүрді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Асхана, пошта, банк бөлімшелері мен дәріхана секілді тұрғындарға аса қажетті 12 мекеме орналасқан сауда үйі – Қызылқоға ауданындағы ірі орталық. Ол да кәсіпкерлер қаржысына салынған.
Октябрь Нұрадинов, қызмет көрсету орталығының басшысы:
- Салынып жатқан ғимараттың барлығы қордан алынған қаражат есебінен тұрғызылды. Біз осымен үшінші рет көмек алып отырмыз. Аталмыш қордың көп көмегі тиді. Оны 6% 4,5 жылға алдық.
Бүгінде орталық жанынан жаңа ғимарат салынып жатыр. Онда 32 төсектік қонақүй мен 48 адамға арналған асхана орналасады. Қосымша 40 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы былтыр 100 кәсіпкер несие алыпты. Бұл үрдіс биыл да жалғаспақ.
Гүлзада Шалағұлова, облыстық АШҚҚ қорының директоры:
- Кәсіптің барлық түрі қаржыландырылады. Мәселен, ауылдық емес бизнес саналатын шаштараз, тойхана, сауда орталықтары секілді ғимарат құрылыстарын салу, көлік жөндеу орталықтарын ашу секілді кәсіп түрлері жандануда.
Ауыл кәсіпкерлері қазір өңдеу саласына бет бұрып келеді. Себебі шұжық, қаймақ, қалбырдағы қияр мен қызанақ секілді өнімге сұраныс жоғары. Олардың сақтау мерзімі де ұзақ. Биыл ауыл бизнесін дамытуға кәсіпкерлерден 500 млн теңгеге сұраныс түскен. Сұраныс мақұлданса, жаңадан 30 жоба жүзеге аспақ. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің еншісінде.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев