Нұр-Сұлтанда 103 нөміріне күніне төрт мыңға жуық қоңырау соғылады
Қазір халық арасында осындай наразы пікір туындағаны жасырын емес. Алайда кезең қауырт. Бүгінде 103 нөміріне төрт мыңға жуық қоңырау соғылады екен. Қоңыраулар саны тіпті төтенше жағдайдың өзінде 2,5 мыңнан аспаған. Ал осы шақыртуларға 121 бригада шығады. Үлгермей жатқандығы айтпаса да түсінікті секілді. Тағы айта кету қажет, осы жексенбі күні медицина қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтпек. Қазіргі пандемия кезінде мейрам қалай тойланбақ?
103 нөміріне хабарласатындарға қойылатын жиі сұрақтардың бірі осы. Себебі мамандардың айтуынша, адамдар қарапайым тұмау жұқтырып, дене қызуым көтеріліп кетті деп шағымданып жатады.
Қазіргі таңда диспетчерлер күніне төрт мың қоңырау қабылдайды. Бұл сан төтенше жағдай болған кездің өзінде 2,5 мыңнан аспайтын еді. Ал осы шақыртуларға 121 бригада шығады. Бұл ауыртпалықты сезінгендердің бірі –Ақерке Ауғанбекова. Маман жедел жәрдем станциясында он жыл бойы еңбек етіп келеді.
Ақерке Ауғанбекова, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчері:
- Жедел жәрдем жұмысы көбейіп кетті. Бұрынғыға қарағанда шақыртулар 2-3 есе көбейді. Бәрінде қорқу, алаңдаушылық бар. Тек ыстығы көтерілсе де хабарласып жатыр. Коронавирусқа байланысты барлығы алаңдап, қоңырау шалуда.
Шақыртуға жылдам жетуі тиіс жедел жәрдем қызметкерлерінің де денсаулығы бірінші орында. Сол себепті әр бригада вирус жұқтырып алмайтындай арнайы қорғаныс костюмдарын киеді. Кейін ол міндетті түрде залалсыздандырылады екен. Бұл да біршама уақытты алады.
Раиса Әбуова, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы кәсіподақ ұйымының төрайымы:
- Қазір теміржол бекеттері ашылуына байланысты бізде екі вокзал бар. «Сол вокзалдың қайсысынан мінсем болады?» деген сияқты сұрақтарға дейін қойып, хабарласады. Кейде тіпті сағатты да сұрайды. Әрбір шақыртуға жауап беру біздің міндетіміз, қала тұрғыны хабарласқаннан кейін немқұрайлы қарап, қалдырып жатқан жоқпыз. Бірақ бір қоңырауға кемінде 3-4 минут уақыт кетеді. Соның өзі қаланың басқа да науқастарына кедергісін келтіріп жатыр.
Айта кету керек, жексенбі күні медицина қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Атап өткеннің өзінде алдыңғы шепте, жұмыста жүреді. Қызмет сондай. Кезең қауырт.
Ақерке Ауғанбекова, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчері:
- Бұл кезеңнен әлі өтеміз. Осы жолы атап өтпейтін шығармыз. Жұмыста отырамыз. Жылда мерекелік шаралар ұйымдастырылатын. Сыртқа серуендеуге шығатын едік. Биыл енді ондай болмайды.
Себебі карантин әлі де болса аяқталған жоқ. Ал вирус жасарып, күшейіп бара жатқан сыңайлы. Сол себепті барлық санитарлық талапты сақтаған жөн.
Авторлары: Риат Шони, Қанат Әбілдин