Елімізде бәс тігетін азаматтар көбейді
Олардың 1200-ден астам бөлімшесі бар екен. 19 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл – өте көп көрсеткіш. Сұраныс болғаннан кейін сәйкесінше филиалдарының саны да қаптап кеткен. Бұқараның қалтасын қағып, ел қазынасын да жарытпай отырған құмар ойын кеңселерін еліміздің екі аумағына көшіру мәселесі қаралып жатыр. Себебі 25 пен 40 жас аралығындағы тұрғындар, яғни нағыз еңбек жасындағы азаматтарымыз еш қиындықсыз оңай олжаға кенелудің жолы осы деп оңай ойлап жүр. Олардың бәрі бірдей бәс тігіп, байып кеткен жоқ. Мамандардың пікірінше, құмар ойындардың арбауына жағдайы төмен таптың өкілдері бейім келеді.
Аузы күйген үрлеп ішеді. Атын атап, түсін түстемеуді өтінген кейіпкеріміз құмар ойынның құрбаны болған. Букмекерлік кеңсеге деген қызығушылық студент кезден басталыпты. Басында жай бәс тігеді, кейін түбегейлі бас тығады.
Құмар ойынмен әуестенген кейіпкер:
- Студент болған соң емін-еркін өмір басталады. Өзіңіз де студент болған шығарсыз. Ақша тапқың келеді, емін-еркін жүріп, қыдырғың келеді. Дегенмен бәріміз ауылдан қалаға келіп жатқаннан кейін ондай қаражат та бола бермейді. Сондықтан ақша қоямыз. Ақша қайдан келеді? Ауылдағы анаңның аузынан жырып «оқуыңды төле» деп берген ақшасынан келеді.
Кейіпкердің айтуынша, өзі секілді студент болғандардың көбінде осындай мысал. Бастарына тисе де, бәстен бас тартпайды. Жастарымыздың жіпсіз байланатыны сондықтан. Ғылымда мұны «лудомания» деп атайды екен, яғни құмар ойынға тәуелділік. Алдыңғы жылы 203, былтыр 421, ал осыдан бір ай бұрын ғана 534 адамның туысқаны дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алайда олардың тек 35% ғана оңалту орталығынан ем қабылдайды.
Николай Нигай, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының бас директоры:
- Оларға бәрібір. Ұтыла ма, ұта ма, отбасым қаражаттан қысылып қалады деген ой мүлдем қызықтырмайды. Қоғамда өз орнын жоғалтады. Тәуелділікпен өмір сүреді. Бірақ олар өздерін аурумын деп есептемейді. Былтыр біздің орталықтан осындай дертке ұшыраған 19 адам ем алып шықты. Олар өздері келуге қысылады. Сондықтан туыстары ертіп келеді.
Бауыр керек бәріне. Ем алғандар «бәледен» алыстайды. Бірақ арылмайды. Кеңсе кезіксе, бас сұғуы әбден мүмкін. Сондықтан осындай жандардың жақындары букмекер орталықтардың жабылғанын қалайды. Мұны Мәжіліс депутаты растап отыр. Айтуынша, толассыз түскен хаттар көп. Сондықтан еліміздегі кеңселердің бәрі Қапшағай мен Бурабайға шоғырлануы бек мүмкін.
Сәкен Өтебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы көбінесе жағдайы жоқ халық барады. Мысалы, 10 мың теңгені айлығынан жырып алса, ойынға барады. 10 мыңнан 20, 30 мың теңге ақша жасаймын деп ойлайды. Сосын ұтылып жүреді. Бірінші жалақысы кетеді, содан көлігі, одан кейін пәтері. Ондай отбасылар көп болған. Біздің мақсатымыз – қаладағы букмекерлік кеңселерге шектеу қою.
Ал орталықтың қожайындары бұл ұсынысты қолдамайды. Себебі де белгілі. Министрлік ұсынған тізімде 41 кеңсе бар. Іс жүзінде оны ғана жұмыс істейді. Депутат дерегіне сүйенсек, 1200-ден астам бөлімшенің есігі ашық. Ал әр касса ай сайын мемлекетке 800 мың теңгеден салық төлейді екен.
Гүлмира Бергенова, Букмекерлік және лотерея бизнесі өзін-өзі реттеу ұйымының атқарушы директоры:
- Әрине, біз кеңселердің көшірілгеніне қарсымыз. Қазір мынадай қысылтаяң шақта бюджет қосымша қаражатын жоғалтуы мүмкін. Себебі кеңселерден 20 млрд төңірегінде қазынаға қаражат аударылады. Сондай-ақ әр кассадан қосымша салық төленеді. Келушілер болса да, болмаса да, біз тұрақты түрде салық төлеп тұрамыз. Мұның бәрі – мемлекетке түсіп отырған қомақты қаражат.
Салық аз емес. Оның сыртында жалға алған ғимарат ақысы бар. Мұндай қыруар қаржыны жұмсап отырған букмекерлік кеңселердің табысы белгісіз. Қожайындары жауап беруден бас тартты. Ал халық қалаулылары «салықтан 10 есе көп табыс түсіреді» деп топшылайды. Ол – шамамен 100 млрд теңге деген сөз. Расымен солай болса, табыстың оннан бірі ғана қазынаға аударылады.
Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі МКК басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта 1171 букмекерлік кеңсе тіркелген. Сонымен қатар 2019 жылы жалпы ойын бизнесінде 21 млрдқа жуық салық төленген. Оның ішінде 9 млрд-ы букмекерлік кеңселердің еншісінде.
Бұл жерде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілуі мүмкін. Себебі осыған дейін де букмекерлік кеңсеге қатысты талай дау шыққан. Жертөледе жасырынып, кәсіптерін көлеңкеде жүргізген еді. Бірақ бұлыңғыр істің артында кім тұрғаны белгісіз. Белгілісі сол: біздегі кеңселердің көбі шетелдікі. Себебі салық көлемі тым аз.
Ермұхаммед Мәулен, спорт журналисі:
- Мысалы, Еуропаның дамыған елдерін алатын болсақ, көптеген кеңсе талаптарды орындамағаны үшін немесе салықтан жалтарғаны үшін қомақты сомада салық төлейді. Шамамен түсімнің 60, 70, 80%. Қазақстанда ондай емес.
Көптің көкейінде «Кеңселерді неге жаппайды?» деген орынды сауал туындайтыны белгілі. Оған себеп – интернет. Құмарға бәс тігетіндердің 60% астамы онлайн жүйеге көшкен. Ал оған шектеу қойылса, бар қаражат сыртқа кетеді.
Ермұхаммед Мәулен, спорт журналисі:
- Мысалы БАӘ, Сауд Арабиясы сияқты ірі бай мемлекеттерде ат жарысы өтеді. Олар бәсті шетелдік букмекерлердің көмегі арқылы қойып жүргендігін білеміз. Ақшаның бәрі шетелге кетіп жатыр. Букмекерлік кеңселерді Араб мемлекеттері қазір өздері ашып жатыр. Соған рұқсат бермекші.
Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенген белгілі спорт комментаторы алдымен осы істі майшаммен қарау керек деп есептейді. Бұл енді алдағы Сенат отырысында талқыға түскенде белгілі болады. Айтпақшы, мамандар бәс тігуге көбінде әлсіз адамдар баратынын анықтады. Себебі олар өз психологиясына үстемдік ете алмайды екен.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Алаңға шығатын спортшыларды жаттықтыратын мамандардың өздері ойын кезінде қобалжиды, эмоцияға беріледі, ашуланады. Мұның бәрі кездесудің қалай өрбитінін білмегендіктен болады. Ал сол ойынға ақша тігетіндер нені негізге алады? Олардың әрекетін көзді байлап қойып, нысананы көздейтін адамның осындай қылығымен түсіндіруге болатын шығар?!
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айдос Меделбеков, Қанат Әбілдин