Мыңнан аса адам коронавирустан қаржылай сақтандырылды
Ол үшін сақтандыру полисін рәсімдесе, жетіп жатыр. Елімізде «Corona Protect» деп аталатын арнайы бағдарлама іске қосылды. Әрине, аурудың бетін аулақ қылсын, бірақ бұл қадамның әрбір адам үшін артық болмасы анық. Белгілі бір сомаға сақтандыру пакетін сатып алған жан індетті жұқтырып жатса, сақтандыру компаниялары тарапынан қаржылай көмек ала алады. Оның құны қанша, берілетін төлемнің көлемі қандай?
Сақтандыру компаниясының қызметіне сәуірден бері мыңнан аса адам жүгінген. Сақтандырудың сомасы әр адамның таңдаған пакетіне байланысты. Рәсімдеу онлайн жүргізіледі.
Жени Давлетчарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мен отбасымның барлық мүшесін сақтандырдым. Оған бар-жоғы бес минут уақыт кетті. Ол үшін өзіңізге тиімді сақтандыру сомасын таңдап, сауалнаманы толтырасыз да, банк картасымен төлем жасайсыз. Құжат электронды поштаңызға жіберіледі. Бірақ сақтандыру жасадым деп, сақтық талаптарын ұмытып кетуге де болмайды. Өйткені бәрінен бұрын денсаулық маңызды екенін ұмытпаған дұрыс.
Сақтандырудың ең төменгі сомасы шамамен 5 мың теңгеден басталады. Бұл жағдайда індетті жұқтырып, ауруханаға түскен жандарға 100 мың теңге өтемақы беріледі, ал ауру өлімге әкеп соқтырса, төленетін қаржы бұдан он есеге артады. Сақтандырудың келесі пакеті 10 мың теңге шамасында, сәйкесінше төленетін өтемақы да көбірек, ауырған адамға 200 мың теңге, өлім-жітім жағдайында 2 млн теңге бөлу қарастырылған. Сақтандырудың ең қымбат пакеті 24500 теңге тұрады. Өтемақысы жарты млн, ал қайтыс болған жағдайда төленетін сомасы 5 млн теңге.
Тимур Турлов, сақтандыру компаниясының басшысы:
- Ауру айтып келмейді. Індетті жұқтырып, жұмысынан айырылғандар көбейді. Аурудың соңы өлімге соқтыратын жағдайлар да болып жатыр. Мұндай сәтте кез келген отбасы үшін қаржылай қолдаудың маңызы зор. Бүгінге дейін біз коронавирус жұқтырған екі науқасқа жарты млн теңгеден өтемақы төледік.
Тұрғындардың көбі құны 24500 теңге тұратын осы пакетке қызығушылық танытады екен. Сақтандыру полисі алты айға дейін жарамды. Бірақ оны сатып алған жандар мына нәрсені ескеруі тиіс. Өтемақы тек қана ауруханаға түсіп, ем-дом алған жандарға ғана беріледі. Ал симптомы жоқ науқастар, үйде өздігінен ем қабылдаған жандарға өтемақы төлеу қарастырылмаған.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Гүлнар Амренова