Атырауда «Халық» қайырымдылық қоры мұқтаж жандарға көмек көрсетті
Десе де, елдегі ушыққан ахуал кезінде көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созып жатқан атымтай жомарт азаматтар аз емес. Күні кеше «Халық» қайырымдылық қоры 1000-нан астам атыраулық отбасыға дәрі-дәрмек пен азық-түлік таратқан.
Атырау – бүгінде қауіпті індеттің ошағына айналған өңір. Ауру саны артып барады. Осы тұста көмегін аямаған кәсіпкерлердің еңбегі орасан. Бірі дәрілік өніммен қамтамасыз етсе, кейбірі медициналық препараттарды емдеу орындарына жеткізіп жатыр. Атыраулық 1000-нан астам отбасыға «Халық» қайырымдылық қоры 220 млн теңгеге азық-түлік пен дәрілік өнім таратты.
Айжан Әбдірасілова, «Атырау» көмек қорының жетекшісі:
- Біз Атырау еріктілер тобы «Халық» қайырымдылық қорына көмек көрсетіп жатырмыз. Атырау қаласы және Атырау облысының отбасыларына қол ұшын берудеміз. Әрбір отбасыға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмекке толы 2 жәшік таратылуда.
Материалдық жағдайы төмен, сонымен қатар дәрілік өнімге зәру тұрғындардың тізімін облыстық әкімдік ұсыныпты. «Халық» қоры таратқан қайырымдылық қораптары азық-түлік, сондай-ақ қауіпті індетке қарсы дәрі-дәрмектермен толтырылған. Тар жерде тапшылық көріп отырған тұрғындар бұл жомарттыққа дән риза.
Светлана Белова, қала тұрғыны:
- Көмек көрсетіп жатқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Жұмысымыз тоқтап, табысымыздан айырылып отырған кезде кәсіпкерлер қол ұшын созып жатыр. Қазір тапшы болып отырған дәрі-дәрмектерді жеткізді. Осындай көмектің арқасында бұл індеттен де құтылармыз.
Сондай-ақ «Халық» қайырымдылық қоры атынан Атырау облысының медициналық мекемелеріне қауіпті індетке қарсы қолданылатын 1000 пульсоксиметр, 100 тасымалданатын оттегі концентраторы және медициналық препараттар жеткізілді. Бұдан бөлек жақын арада өкпені жасанды желдететін 30 аппарат беріледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов