12 орындаушы Junior Eurovision байқауының қорытынды сынына дайындалып жатыр
Жеңімпаз да сол күні белгілі болады. Жалпы халықаралық ән байқауына Қазақстан биыл үшінші рет қатысайын деп отыр.
«Хабар» Агенттігі еуропалық хабар тарату одағының қауымдастығына мүше болғалы бері талантты балалар үшін өнерін әлемге паш ету мүмкіндігі туды.
Талай кезеңнен сүрінбей өтіп, қорытынды сынға жеткен 12 орындаушының құлақтан кіріп, бойды алатын әсем әндерін әуелететін күн алыс емес. Қорытынды сынға қатысатындардың бірі – Ақжібек Манарбеққызы. Елордадағы №59 мектеп-лицейдің оқушысы 14 жасар қыз бала кезінен ән айтуға құштар.
Соңғы бір жылда кәсіби маманмен бірге шеберлігін шыңдап жүр. Әнмен қатар, би билеп, ұлттық ойын тоғызқұмалақтан да жарыстарға қатысады екен.
Отбасы жас өнерпаздың қолынан қақпай, қолдап отыр. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, әке-шешесі де ән өнеріне жақындығы барларын айтып отыр.
Манарбек Удербаев, Ақжібектің әкесі:
- Әнге деген құлшынысы менен дарыған деп ойлаймын. Қазір өзі де дайындалады, талпынысы бар, кәсіпкерлермен де шыңдауда. Жеңеді деген үміттеміз, өйткені ол – еңбектеніп жүрген бала. Бұл бірінші рет емес, көптеген халықаралық конкурста 1-орын алған.
Ақжібек секілді үмітін үкілегендердің бірі – 13 жасар астаналық Айкерім Тілеубек.
Айкерім көп еңбектеніп, жұртшылық қайта-қайта тыңдайтындай ерекше талантты әнші болғысы келеді.
Өнерпаз қыз Елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде білім алып жүр. Әншілер отбасында дүниеге келгендіктен, бала кезінен әнге машықтанған.
Әйгерім Тілеубек, Junior Eurovision 2020 байқауының ақтық сынына қатысушы:
- Музыка – жүрегіме ең жақын дүние. Әнді айтқанда жүрекке жақын болуы керек, cебебі сол кезде ғана өзіңнің жүрегіңнен өткізіп, халыққа жеткізе аласың. Әлем сахнасында өнер көрсетіп, қазақтың туын желбірететін әйгілі әнші болғым келеді.
700-ге жуық үміткердің ішінен 12 орындаушы көп дауыс жинап, алға суырылып шыққан болатын. Енді 26 қыркүйекте олар ән орындау шеберлігінен өзара сынға түседі. Басты талап – еліміздің танымал композиторлары жазған әндерді айрықша орындау. Қазылар алқасының берген бағасы мен СМС дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталады. Ол қарашаның соңында Варшавада Қазақстанның намысын қорғайды.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Данэлия Тулешова дәл осы байқауда «Өзіңе сен» әнін орындап, 6-орынды иеленді. Ал былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен 2-орын алды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Болотбек Табалдиев