М.Қазыбекова: Медқалдықтарды жою мен дәрі үлестіруде реттілік қажет
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазыбекова осы мәселені көтерді. Әңгіме өртелуі тиіс қоқыстың қала маңына, тұрғын үйлердегі қоқыс жәшіктеріне төгіліп жатқандығына қатысты. Ал қағаз жүзінде оны жоюға белгілі компаниялар жауапкершілік алған. Мәселен, Елорда да ондай қызметтің ақысы әр келі үшін 20 теңгеден 818 теңгеге дейін тұрады. Осы жерде «баға айырмашылығы неге тым үлкен?» деген тағы бір сұрақ туындайды. «Ақ жол» партиясы фракциясынан жолданған келесі депутаттық сауал онкологиялық ауруларды емдеу жүйесіне қатысты болды. Қазір елімізде 187 мың адам ісік ауруы есебінде тұр. Оларды тегін дәрімен қамтамасыз ету тәртібін өзгерту ұсынылды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының мүшесі:
- Науқастардың өздеріне қажетті дәріні уақытылы ала алмау фактілері анықталуда. Осыған байланысты емдік заттардың тоғыз айға дейін жететін қорын қамтамасыз ету керек. Ал есепте тұрғандарға керекті дәріні үш ай бұрын үлестіру жолға қойылса екен.
Дайын табыстан қағылуда. Азат Перуашев Қазақстан – Өзбекстан алыс-берісінде біздің кәсіпкерлердің есе жіберіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Әңгіме көрші ел тарапынан дайын өнімге баж салығын енгізгендігіне қатысты. Оның көлемі тауар құнының бестен 50% дейінгі бөлігін құрайды. Бұл жерде экспорттауда біраз кедергі туындайтыны айтпаса да түсінікті. Ал шикізатқа жеңілдіктер ұсынылған. Өзбекстан оны өңдеп, дайын өнім Қазақстанға қайта сатылады. Бір қызығы, ол үшін Қазақстанда ешқандай кедендік баж салығы енгізілмеген. Бұған дейін жасалған келісімдерге сай жағдай теңдей болуы тиіс.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі:
- Әрине, өзбек халқы – дос көршіміз. Бірақ Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, қазақ жерінде өндірілген бір уыс жүн сол елдің азаматтарының үстінде тоқыма болып киілуі керек. Яғни басқалардан кейін қалып, тарих жолында тезек теріп қалмауымыз қажет.