ІІ дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан батырдың ұрпақтарына орден тапсырылды
Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Аманжол Бұқарбаев І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталып, құжаты ұрпақтарына табысталды. Ол кісі майданға Қарағанды облысынан аттанған. 1945 жылдың 5 наурызында Чехословакияның Саса елді мекені түбінде болған кескілескен ұрыста көзсіз ерлік көрсетеді. Танк экипажының командирі Аманжол Бұқарбаев жалғыз өзі жаудың 54 солдатын, 4 пулеметін жойып, өзі де танк ішінде жанып кеткен.
Ержан Бұхарбаев, батырдың немересі:
- Жастайымыздан атамыздың соғыста қайтыс болғанын, батыр болғанын естіп өскенбіз. Бірақ ол кісінің қайда жатқанын, қалай ерлік жасағанын білмедік. Міне, қуанышымыз мерейлі болып жатыр. Осының алдында туған апам атамыздың артынан іздеп, Чехословакиядан тауып келіп еді. Енді артынан ордені де жетіп жатыр.