Бұлақсай ауылында шешімін таппаған мәселелер бар
Сенсеңіз сол, осы Астананың маңында жылдық бюджеті 1 миллион теңге болатын ауыл бар. Төртінші деңгейлі бюджетке көшкелі онсыз да қолы қысқа әкімдердің мүмкіндігі тіпті шектеліп қалған.
Біздің тілшілер елорданың етегінде орналасқан селолық округке ауыл әкімдерін сайлау туралы тұрғындардың пікірін білмекке барған. Бірақ сапардың саяси реңкі әлеуметтік проблемаға ұласып кетті.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Біздің саяси ортада, жалпы біздің қоғамда соңғы уақытта жиі талқыланып жүрген тақырыптардың бірі – ауыл әкімдерін сайлау. Президент бұл жайында өзінің Жолдауында 1 қыркүйекте айтқан. Кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-ші отырысында да оның мүшелері ауыл әкімдерін жасырын дауыс беру арқылы сайлау туралы ұсыныстарын айтты. Ерте ме, кеш пе бұл тәжірибемен біз бетпе-бет кездесеміз. Бірақ ауыл тұрғындары өз әкімдерін сайлауға қаншалықты дайын? Осыны білмек болып, біз елордадан 50 шақырым жерде орналасқан Бұлақсай селолық округіне келдік.
Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Бұлақсай селолық округі. Құрамына үш ауыл кіреді. Округтегі халық саны 1300-ден сәл асады. Ал оның орталығы мына ауылда 800 адам тұрады. Бір қарағанда Бұлақсай бізге тым бұйығы көрінді. Біз тілдескен алғашқы адам ауылдың байырғы тұрғыны – Анатолий Галочкин.
– Қазір қалай тұрмысыңыз?
– Қартайғанда қандай тұрмыс болады?
Сексен жастан асса да ақсақалдың ауыл әкімдерін сайлау туралы саяси жаңалықтан хабары бар болып шықты. Саналы ғұмырында қанша әкім ауысқанын сұрап едік, есіне түсіре алмады.
Анатолий Галочкин, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Сіз қанша әкімді ауыстырдыңыз?
– Ойй, есеп жоқ. Көп әкім. Бәрі қашып кетті.
Анатолий Галочкиннің туған қызы мектепте жалақысы жиырма мың теңгелік жұмыс істейді. Өзі – зейнеткер. Ақсақал өз отбасы үшін емес, тұтас ауыл үшін алаңдайды. Жұмыс жоқ. Егін егетін жалғыз шаруашылық банкротқа ұшырағалы ауылдың ажары кете бастапты.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Бұлақсайлықтардың дені Нұр-сұлтан қаласына қатынап жұмыс істейді. Ал бұл барып-келуі – 100 шақырым жол. Бұлақсай ауылына ең жақын жұмыс орны – мына жел электр станциясы. 800 тұрғынның 18-і ғана осында жұмыс тапқан.
Сол жұмыс тауып, жолы болған 18-дің бірі – Сейтімұрат Аманжолов. Станцияны күзетеді.
Сейітмұрат Аманжол, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Ауылда жұмыс жоқ. Адамдар қатынайды автобуспен, «Астана орман», «Зеленстрой» жаңағы «Астана тазалық» деген жұмыстарға, таңертең кетеді, кешкілік келеді.
Таңертең кетіп, кешке келетіндердің бірі – Қуандық Елеухан. Күнделікті қалаға қатынап жұмыс істейді. 50 шақырым жас жігіт үшін аса ұзақ емес, бірақ жол азабын өзі де, көлігі де тартып жүр.
Қуандық Елеухан, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Өздеріңіз келген шығарсыздар, жол жаман, тесік-тесік. Машинаға вложиться етеміз. Постоянна сынады. Қалада квартира қымбат, ауылдан келіп істейміз.
– Ауылда жұмыс жоқ па?
– Ауылда мүлде жұмыс жоқ!
Жұмыс жоқ, жол жаман. Әлеуметтік проблемаларын айтып алған соң, келген себебіміз – саяси тақырыпқа ауыстық. Қазіргі әкімдерін ешкім сөге жамандаған жоқ. Себебі ауыл әкімінің қолы тым қысқа екенін олар да біледі.
Райхан Тәжібикеева, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Қазір әкімде көп билік жоқ қой. Ауданға қарайды. Ауданнан бөлінеді, барымен базар жасайды.
Барымен базар жасап жүрген Бұлақсай селолық округінің әкімі – Мұхтар Жандыбаев. 2018 жылдың мамырында әкім болып сайланған. Елордадағы жақсы қызметін қиып келгендегі бір тілегі – туған жерін түлету еді.
Мұхтар Жандыбаев, Бұлақсай ауылының әкімі:
– Бұл менің – туған жерім. Ауылда өскенмін, әкем тұрады, туыстар тұрады.
Тілек бар, бірақ тиын жоқ. Бұлақсай селолық округінің бір жылдық бюджеті – 1 миллион теңге. Әкім айтқанда, біз жаңылысқан шығар деп қайта-қайта сұрадық.
Мұхтар Жандыбаев, Бұлақсай ауылының әкімі:
– 1 миллион 200 мың теңге. Біздің бір жылдық бюджет. Қостомар, Ақжар, үш поселканың бюджеті. Аудан берсе 1 миллион береді қар тазалауға. 1 миллион 200 ол районға береміз, 680 мың теңге, насос водокачкаға бірдеңе аламыз.
Мәдениет үйі. Округ орталығындағы жалғыз еңселі ғимарат осы. Көз тартар ғимаратқа әкім сүйсіне қарайды. Туған жеріне жасаған ең үлкен тартуы әзірге осы болып тұр. Қолынан келсе, көп нәрсе істер еді. Әттең, әкімнің жалақысы – 150 мың теңге, қызметтік көлігі де жоқ. Тұрғындар айтпақшы, барымен базар жасап жүрген жайы бар.
Райхан Тәжібикеева, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Әрине, кандидаттарды берсе, өзіміз таңдар едік. Өзіміз білетін, жақсы жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар болса, әрине. Қарау керек, ауылдан шығады.
Бір байқағанымыз, әлеуметтік проблемалар ауыл тұрғындарының еңсесін түсірсе де, саясатқа деген белсенділігін баспапты. Өз әкімдерін өздері таңдауға қарсы емес. Тіпті дәл қазір берсе, сайлап алуға дайын.
Сейітмұрат Аманжол, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Сіз естіген шығарсыз ауыл әкімдерін ауыл тұрғындары өздері сайлайтын болады дауыс беріп. Ол жайында естідіңіз бе?
– Естігенбіз. Ондай ақпарат болды.
– Жалпы дайынсыздар ма сайлауға?
– Дайынбыз.
Қуандық Елеухан, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Білімді адамдар бар ғой ауылда.
Мұрат Оралбай, Бұлақсай ауылының тұрғыны:
– Қазақтың сөзі бар емес пе, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген. Халыққа жақын болса болды. Халықтың проблемасын шешетін, жоғарыға жеткізе алатын, халық үшін жаралған азамат болса болды.
Саналы ғұмырында сан әкімді ауыстырған Анатолий ақсақал әр жаңа басшымен жақсы өзгерістер келеріне сенетін. Бірі кетті, бірі келді ештеңе өзгерген жоқ. Ендігі үміті – халық сайлаған әкім бәлкім шынымен жақын болар. Бірақ...
«Я наверное больше не доживу. Басқа әкімге».
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков