Ұлттық банк ұлттық құндылықты төл теңгеге түсірді
Мұндай ақшаның 3,5 млн данасы шығарылды. Олар айналымға екінші деңгейлі банктер арқылы енгізіледі. Төл валюта күніне орай әзірленген ақшаның коллекциялық түрі де пайда болыпты. Ол туралы толық ақпаратты еліміздегі бас қаржы ұйымының ресми сайтынан білуге болады.
Ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, ақыл-білім, берен мылтық, жүйрік ат, қыран бүркіт. Бұдан былай жеті қазынамызды жүз теңгелік ақшадан күнделікті көретін боламыз. Валюта күніне орай Ұлттық банк өкілдері осындай монетаның 3,5 млн данасын айналымға шығармақ.
Айжан Машеева, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:
- «JETI QAZYNA» сериясымен шығарылған монеталар екінші деңгейлі банктер арқылы айналымға енгізіледі. Яғни оларды кәдімгі сауда да, есеп айырысу кезінде де пайдалануға болады. Барлығы заңды түрде жүргізіледі. Ұлттық құндылықтар бейнеленген әр тиынның 500 мың данасы жасалған.
Көлемі жағынан бұрынғы жүз теңгеден еш айырмашылығы жоқ. Тек Елтаңбаның орнына жоғарыда айтқан, құндылықтар бейнеленген. Салмағы сол 6,45 грамм күйінде. Өзі биколорлы. Яғни екі түсті. Тура осындай жеті қазына суреттелген монеталардың алтын, күмістен жасалған түрлері де бар. Бірақ олар коллекциялық мақсатта ғана қолданылады.
Айжан Машеева, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:
- Мұндай коллекциялық монеталар 100, 200, 500 және 5000 теңге күйінде шыққан. Әрқайсысы құнды металдан жасалған. Мәселен, 200 теңгелік монета мельхиор, 500 және бес мың теңгелік монеталар күмістен тұрады. Тағы 500 теңгелік монетаны алтын күйінде шығардық. Салмағы 7,78 грамм болса, таралымы мың дана.
Иә, коллекциялық монеталар кәдесыйға жақсы. Мамандардың айтуынша, оларға сұраныс жоғары. Айта кетейік, осындай монеталарды қолданысқа енгізуді 3-4 жыл бұрын жоспарлапты.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Дәурен Жұрқабаев