Елімізде санитарлық бекеттер саны артты
Өйткені аймақта вирустың таралу екпіні жоғары. Өлкеде 254 адамнан індет анықталған. Шалғайдағы аудандар мен шаһарларда да өсім бар. Мәселен, өткен апта соңында ғана Риддер қаласында 30 адам коронавирус жұқтырған болса, соңғы тәулікте 62 жағдай анықталды. Осыған орай қала кіреберісіне санитарлық бекет қойылу туралы қаулы қабылданды. Себебі Риддер кеншілер қаласы болғандықтан, вахталық әдіспен жан-жақтан келіп, жұмыс істейтіндер қатары көп. Алтай ауданындағы Серебрянск және Жаңа бұқтырма кентінде де осындай жағдай. Ол елді мекендерге де кіріп шығу бақыланатын болады. Жалпы санитарлық бекеттер облыста 1 қарашадан бастап қойылған. Бастапқыда 13 бекет болса, енді олардың саны 16-ға жетіп отыр.
Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты СҚО-да халықтың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Қауіпті инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін Петропавл маңындағы жолдарға бекеттер орнатылып, қала қайтадан карантинге жабылды. Бекеттердегі жұмыстар қалай ұйымдастарылған? Заң бұзғандар бар ма?
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Қазір біз Бескөл ауылы маңындағы бекеттеміз. Себебі Петропавлмен бірге Қызылжар ауданы да карантин аумағына енді. Түнгі 00:00-ден бұл жерде полиция қызметкерлері қайтадан кезекшілік жасап жатыр.
Тәртіп бұзғандар тіркелген жоқ. Сондай-ақ қалалар мен аудандарға қоғамдық көліктер қатынамайды. Автовокзал жұмысын уақытша тоқтатты. Яғни барыс-келіске шектеу қойылып отыр. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай шахарға кез келген адам кіріп-шыға алмайды. Яғни ауданда тұрып, облыс орталығында жұмыс істейтіндерге арнайы анықтама берілген. Тәртіп сақшылары олардың әрқайсысын жіті тексереді. Тек азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдаушыларға жасыл дәліз ұйымдастырылған. Ал өзге өңірден себепсіз келемін дегендердің қолында ПТР тест анықтамасы болуы міндетті. Айта кету қажет, бұл жолы бекеттерде медицина саласының мамандары жоқ. Жалпы мұндағы жұмыстар қалай ұйымдастырылған?
Айдын Байматов, облыстық ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасының басшысы:
- Медицина мен коммуналдық сала қызметкерлеріне өтуге болады. Бірақ олардың қолдарында анықтама қағазы болуы қажет. Ол анықтама қағазында қызметкердің аты-жөні жазылып, басшылық қолы, мөрі қойылуы керек. Бүгінде бес карантиндік бекет құрылды. Оның төртеуі Петропавл қаласының кіре берісінде орналасқан. Бір карнтиндік бекет Жезқазған – Петропавл тасжолында қойылған. Жалпы бір тәулікте осы бес карантиндік бекетте 60 полиция қызметкері жұмыс атқарады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Өңірде азық-түлік дүкендерінің де жұмыс кестесі қысқартылды. Енді олар таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындарға түнгі уақытта бейберекет жүруге болмайды. Санитарлық талаптарды сақтамағандарға айыппұл салынады. Ал сенбі-жексенбі күндері бірқатар нысан жабылып, қалада қоғамдық көлік тоқтайды. Соңында айта кетейін, өткен тәулікте СҚО-да 42 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды.
Қостанай облысында 12 санитарлық бекет қайта қойылды. Мұндай өткізу орындары алғаш рет сәуір айында жасақталып, індеттің беті қайтқан соң алынып тасталған. Енді Қостанай қаласы үш жерінен қоршалса, төрт санитарлық бекет Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарға орнатылды. Қалғандары Жітіқара және Қостанай аудандарына қойылды. Бекеттерде 94 адам кезекшілік етеді. Олар – полицейлер, дәрігерлер, жедел әрекет ету тобының қызметкерлері. Тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатса, ал медицина мамандарының міндеті – жүргізуші мен жолаушылардың дене қызуын өлшеу.
Арман Бектұрсынов, патрульдік полиция инспекторы:
- Егер жүргізуші мен жолаушылардан дене қызуы анықталса, дәрігерлер оларды госпитальге жеткізеді. Ал біздің міндет – жүргізуші автокөлігін арнайы автотұраққа қою. ПТР тесті шекаралық аймақтарда жүргізушілерден ғана сұралады.