Хабар телеарнасы

Полиция қызметіне 20 көлік берілді

Карантин басталғалы күндіз-түні тынбай тер төгіп, артылған сенімді ақтауға тырысқан сырбойылық тәртіп сақшыларының бірсыпырасы құрмет төрінен көрінді. Ел тыныштығын қорып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбегі еселі болуы үшін 20 жаңа автокөлік табыс етілді. Бұл ретте әсіресе барыс-келісі қиын шалғай ауылдардың учаскелік полиция инспекторларына басымдық беріліп отыр.

Халықтың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің құндылықтарын қорғау жолында еңбегімен ерекшеленген тәртіп сақшылары енді жол талғамайтын көліктерді тізгіндейтін болды. Олардың қатарында Тұрар Серікбаев та бар. Айбынды қызметті 12 жылдан бері абыроймен атқарып жүрген маман жұмыс аумағына қарасты 2 жарым мыңдай тұрғынның мекенжайын жиі және түгел аралап, ахуалды ұдайы бақылауда ұстауының арқасында қылмыс деңгейі едәуір қысқарған. Жуырда үздік учаскелік полиция инспекторы ретінде елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ішкі Істер министрлігінің келелі жиынға қатысып келді.

Тұрар Серікбаев, учаскелік полиция инспекторы:

– Ел Президенті және ІІМ жиынында бізге көптеген мәселе бойынша тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс істейтінімізге сенім артып отыр. Халықтың игілігіне, халықтың сенімінен шығуға тырысамыз.

Бектөре Сұлтан, облыстық полиция департаментінің бастығы:

– Мемлекет басшысы мен Ішкі Істер министрі полиция және медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады. Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткен 25 полиция қызметкері мен 4 медицина маманы «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Оларды қажетті техникамен қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру Президенттің және ІІМ халыққа жақын полиция тапсырмасы бойынша нұсқауын сапалы әрі уақытылы орындауларына мүмкіндік береді.

Аймақтық полицейлердің қызметіне тұрғындардың да ықыласы ерекше.

БЛИЦ: қала тұрғындары:

– Карантин кезінде маскасыз жүргендерді ұстап, үйге кіргізіп жібереді. Бәрін осы участковыйларға арызымызды айтамыз. Бәріне көңілім толады.

– Учаскелік қызметкерлер үй-үйді аралап, қай уақытта болса да көмекке дайын.

– Өте жақсы, керемет, полицияға претензия жоқ.

Халық алғысымен қатар жаңа міндеттер арқалаған полицейлер сенім үдесінен шығуға бар қажыр-қайратын жұмсайтынын айтады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев