Мәжіліс Президент Жолдауын іске асыруға қатысты бірқатар заң жобаларын мақұлдады
Оған қоса жылына келетін шетелдік саяхатшылар қатарын 3 миллионға, ал ішкі туризмде демалушылар санын 8 миллионға жеткізу жоспары да бар.
Ал 5 жылдан соң Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай қызмет нарығы іске асырылатын болса, отандық туристік операторлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Туристік қызмет» туралы заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ Президент Жолдауын іске асыруға қатысты құжаттар мақұлданды.
Орталық атқарушы органдардағы жауапты хатшылар институтын тарату Президенттің Жолдауда берген тапсырмасы. Осы міндетті орындау үшін бүгін Мәжіліс депутаттары Үкімет туралы Конституциялық Заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Осы күнге дейін жауапты хатшыларды Президент тағайындап келді. Құжатқа түзетулер енгізілген соң олардың міндеттері аппарат басшыларына жүктеледі. Оларды министрлер тағайындайды және олар есеп беруге міндетті. Депутаттар бүгін сондай-ақ Президент Жолдауындағы жекелеген ережелерді іске асыруға қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы құжатты да бірінші оқылымда құптады. Олардың бірі – педофилияға қарсы жазаны қатаңдату.
Марат Бопазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Ұсынылған заң жобасында осындай қылмыстарды жасағаны үшін санкциялардың қатаңдатылып отырғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар мұндай қылмыскерлер жазасын кемінде қатаң режимдегі мекемелерде өтейтін болады. Айтыңызшы, осы заң күшіне енгізілгенге дейін осындай қылмыс жасаған сотталғандарды ұстау режимі өзгереді ме?
Марат Қожаев, ҚР Ішкі Істер министрінің бірінші орынбасары:
– Жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жағдайын нашарлататын заңдар керегі болмайды. Бұл конституциялық принцип, қазіргі кезде сотта мерзімдері реттелген. Жауапқа тартылған адамдар бұрынғы мекемелерде өз жазасын атқара береді.
Сондай-ақ құжат негізінде квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың жұмыс істеуіне өмірбойына тыйым салынбақ, мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтық анықталған жағдайда олар жұмыстан босатылады.
Мәжіліс депутаттары белсенді талқылаған заң жобасы туристік қызметке қатысты. Жаңа құжатта сала келу, шығу және ішкі туризм болып жіктелген.
Сергей Звольский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қолданыстағы заң бойынша туристік операторлардың қызметі түрлерге бөлінбейді, толықтай лицензияланады. Ал енді министрлік сыртқа саяхаттауға жіберетін операторлардың ғана қызметін лицензиялауды ұсынып отыр. Депутаттар мұнымен келіспей, ішкі және келу туризмін ұйымдастыратын мекемелердің жұмысын лицензиялауды қалдыру туралы түзету енгізді. Министрліктің ұстанымы қандай?
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
– Депутаттар енгізген түзетумен толықтай келісеміз. Қолдаймыз. Әрине, келу және шығу туризмін жүзеге асыратын компаниялардың лицензиясы болғаны сенімділік тудырады. Әрі шетелдік саяхатшылар да сапалы сервиске тартылатыны анық.
Коронавирустың кесірінен туризм тұралап қалғаны анық. Ал енді министрлік саланы үшке бөліп отыр. Демек туроператор оның әр түрі үшін лицензия алуға мәжбүр. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл кәсіп иелері үшін артық шығын екенін айтып, екінші оқылымға дейін пысықтауды тапсырды.
Артур Платонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Заң жобасына сай «Қазақтуризм» ұлттық компаниясына жеке құрылымдардың жарғылық капиталына бюджет қаржысын инвестициялау жөнінде жаңа өкілеттілік беру ұсынылды. Осы қаншалықты негізді? «Қазақтуризм» 100 процент мемлекет есебінен қаржыландырылып отыр, сонда ол ортадағы делдал болмақшы. Онсыз да компания қазына қаражатын тиімсіз пайдаланады деген сыни пікір көп. Біз бұл норманы алып тастауды ұсындық.
Ойын бірнеше рет өзгерткен министр ақыры Үкіметтің бұл ұсыныспен келіскенін мойындады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин көрген көз тамсанар тұмса табиғаты, қонақжайлылық қасиеті және бар халқымыздың саланы дамытуға мүмкіндігі көп екенін баса айтты. Ол үшін халықаралық тәжірибе ескеріліп, осы заманғы инфрақұрылым салынып, әділетті салық жүйесі бекуі керек. Сонда ғана 2025 жылға таман ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесін 8 процентке жеткізуге болады.
Ішкі туризмде әрі-бері дамылдайтын адам қатарын 8 миллионға, келушілерді 3 миллионға жеткізу жоспары және бар. «2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында қызметтердің бірыңғай нарығы қолға алынғанда, отандық туроператорлар абдырап қалмауы үшін бар проблеманы бүгін шешпесе болмайды», – деді Мәжіліс спикері. Сөйтіп құжат екінші оқылымға дейін тағы түзеп күзелмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова