Троебрат ауылына ауызсу 500 шақырым жерден тасымалданады
Амалы таусылған жұрт елді мекеннен үдере көшіп жатыр. Ауызсуға жарымай отырған ауылға инвесторлардың да келгісі жоқ. Ал аудандық әкімдіктегілер: «Алдағы жылы жағдай түзеледі», – деп отыр. Александр Мезенцев Урал мотоциклін су тасуға ыңғайлап алған. Қазір Троебрат ауылында мұндай көлік сұранысқа ие. Өйткені орталықтағы жалғыз құбырдан арба, шанамен тасу қиын.
Александр Мезенцев, Троебрат ауылының тұрғыны:
– Ұдайы трактор жалдап, ақша төлеуге жұрттың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан әркім өзінше қарекет жасайды.
Мағауия Қалиев, тілші:
– Троебратный ауылына ауызсу теміржолмен жеткізіледі. Сонау Ақмола облысынан 50 текше метрлік 15 бөшке айына су әкелінеді екен мұнда. «Оның өзі жетпей жатады», – дейді жергілікті тұрғындар.
Тасымал судың тұтынушыға жетуі де бірнеше кезеңнен тұрады. Цистернадан мұнараға құйылады, одан ауыл ортасындағы су тарату пунктіне тасылады. Ал ол жерде жалғыз шүмектен ағатын тіршілік нәрі таңертең екі сағат, кешке екі сағат беріледі. Кейде оның өзі таусылып қалады.
Сарыалтын Тұяқова, Троебрат ауылының тұрғыны:
–Үш күндеп, төрт күндеп су болмай қалады. Әсіресе жаз уақыттарында. Біз жарайды, бақша екпейміз, жұрттардың бақшалары, малдары бар ғой. Қыс уақыттарында қазір котловандардың бәрі қатып жатыр.
Кезінде 10 мыңға жуық тұрғыны болған ауылда бүгінде халық саны екі мыңға жетер-жетпес. «Кәсіппен айналысқысы келетіндерді сол су мәселесі тежеп тұр», – дейді ауыл әкімі.
Сәбит Құрманбаев, Троебрат ауылының әкімі:
– Мал ұстай алмайсың, бірдеңе істей алмасаң, сондай қиындық болған соң жұрттың біразы көшіп жатыр.
Бұл мәселе жақында оң шешімін таппақ. Аудандық әкімдіктегілер келер жылы ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады деп сендірді.
Владимир Шерстюков, Ұзынкөл аудандық Сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:
– Бүгінде сараптама қорытындысы алынды, жоба қолымызда. 48 шақырым құбыр үш елді мекен арқылы өтіп, 3 мыңнан астам адамды орталықтандырылған су жүйесімен қамтиды. Жобаны 9 айдың ішінде 2021 жылы аяқтаймыз деп отырмыз.
Ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша биыл 15 елді мекенге су құбыры тартылды. Алайда өңірдегі ауылдардың жартысынан астамы әлі күнге өркениеттің игілігіне қол жеткізе алмай отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг