Роботтар жауынгерлік тапсырмаларды орындайды
Бірі – арнайы жасаққа, жабық ғимаратқа бекінген лаңкестердің тұрған жерін дәл көрсетсе, енді бірі – су астына жасырылған миналарды анықтап, кеме алдында қатердің барлығын ескертеді екен.
Тұрқы аяқ киім салынатын қорапқа ұқсайтын бұл роботтар Шешенстан мен Оңтүстік Осетияда, Израиль маңында болған қарулы қақтығыстарда кеңінен қолданылған. Енді мұндай барлау құралы қазақ әскерінде де бар. Ол арнайы жасақтың шұғыл әрекет етіп, лаңкестердің көзін жоюға мүмкіндік береді. Бастысы – жеке құрамда кісі шығынын болдырмайды.
Талғат Исламұлы, тілші:
– Барлаушы роботтың салмағы не бары – 3 келі. Яғни көтеріп жүруге ыңғайлы. Әскери мақсатта қолданылатын құрылғының төрт жағына орнатылған камералар операторға 360 градус аймақты толық көруге мүмкіндік береді. Мұның тағы бір ерекшелігі – соққыға шыдамдылығында. Айталық, 3 метр биіктіктен лақтырса да сынбайды.
Қарулы қарақшылардың қай бөлмеде тұрғанын планшет экранынан көріп тұрған оператор арнайы жасаққа жол сілтеді. Ұтқыр қимылдайтын әскерилер оқ жаудырып, лаңкестердің көзін тез жойды. Олардың қолын ұзартқан барлаушы робот биік баспалдақтармен жылдам көтеріліп түсе алады. Жабық кешенде 50 метрге дейін, ал ашық далада 300 метрге дейін қашықтыққа бара алады.
Марат Жандосов, барлаушы роботтың операторы:
– Қазіргі таңда көп сұранысқа ие болып тұрған құрылғы. Көп елде қолданылады. Бір камерасы арақашықтықты өлшетіп, жақындатып отырады. Өзімен қоса ол тағы да 3 килограмм алып жүре алады. Неше түрлі мина құралдары және өзінен кішігірім роботтарды да тасымалдауға болады.
Миржан Тұрмағамбетов, ҚР ҚК Бас штабының аға офицері:
– Барлаушы роботты жауынгерлік іс-қимылда қолдану қауіпсіз байланыс арнасы арқылы жүзеге асады. Яғни бұл құрылғыны өзге адам басқара алмайды. Оператор қолындағы ноутбук броньдалған. Робот көмегімен алдын ала жасалған барлау шабуылдың сәтті өтуіне мүмкіндік береді. Қажетінше оған жарылғыш зат орнатып, нысанаға жіберіп жаруға да болады.
Әскери теңізшілерге берілген мына роботтар 10-12 сағат жұмыс жасап, 300 метрге дейін тереңдікке түсе алады. Кемеден 2 шақырым қашық жерге дейін барады. Теңіз түбін зерттеп, жарылғыш заттарды іздеп, тауып жояды. Бірін минатральды кемедегі басқару тетігі арқылы оператор жүргізеді. «Ақылды технология» санатына жататын екіншісі – радиосигнал арқылы берілген пәрмен бойынша су астында өз алдына дербес әрекет етеді.
Әділет Бағдабаев, «Алатау» минатральдық кемесінің командирі:
– «А-9-ға» тоқталатын болсақ, бұл – автономдық. Адамсыз, өз бетімен жұмыс жасайтын суасты аппараты болып саналады. Мұның ең басты тактикалық ерекшелігі – кемеден берілген миссия арқылы өз жұмысын жасай алады. Су астында минаға ұқсайтын заттарды іздеп табады. Қазіргі таңда осындай жаңа технологиялардың келуімен біздің әскери теңізшілерге суасты жағдайын барлау өте қауіпсіз бола түсті.
Еліміздің құрлық әскері мен теңізшілері осындай озық технологиялармен бірге әрекет етуге төселіп алған десек қателеспейміз. Өйткені қарулы күштерін роботтармен жарақтандыру 2015 жылдан бері жүзеге асып келеді. Былтыр бас штабта робототехникалық жүйелерді дамыту және оларды басқару басқармасы құрылды. Аталған ведомство кәсіби білікті жауынгерлерді оқытатын қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев