Жамбыл облысында 20 отбасы жеке жер телімдері бар коттеджден пәтер алды
20 отбасы жеке жер телімдері бар коттеджден пәтер алды. Жергілікті жұрт көптен күткен арманға қол жеткізіп, Тәуелсіздік мерекесін жаңа шаңырақта атап өтті.
Бұл – пәтер кезегінде тұрған дәрігерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, жас мамандар, полицейлер мен көпбалалы аз қамтылған отбасылар. Барлығы бір-бір үйдің кілтін ұстап, баспаналы болғандарына қуанып тұр. Оларға мемлекет 20 пәтерлі 10 үй салып, Тәуелсіздік күніне тарту етіп отыр.
Самал Әлиева, көпбалалы ана:
– Алғысымды білдіремін. Осындай қолжетімді баспанаға ие болып отырмыз. Отбасымызбен, бүкіл ауылымызбен ата-аналардың атынан рақметімді айтамын. Қонысымыз құтты болсын!
Қазір Қордайда бұрын-соңды болмаған көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Жуырда 365 пәтерлі үй пайдалануға берілмек. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын тұр. Жалпы жергілікті жерде бұдан өзге жүздеген әлеуметтік маңызы бар жобалар мен ауылдардағы инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
– 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол жобалардың нәтижесінде тек қана биылдың өзінде 4,5 мың жаңадан жұмыс орындары ашылды. Ең негізгісі – жаңағы айтылған газ. Жылдың басында Қордай ауданының халқын газбен қамту 47 процент болатын. Бұйырса деп айтайық, мына жылдың аяғына дейін біз оны 95 процентке жеткіземіз.
Ауданда баспана қолжетімділігін арттыруға ден қойылып отыр. Қордайдың өзінде 880 пәтерлі 6 үй бой көтереді. Сондай-ақ жеке жер телімдері бар коттедж типіндегі 20 пәтерлі 10 үй салу жоспарда. Бұл ауылға жас мамандарды тартып, оларды тұрғын үймен қамтуға бағытталмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев