Бір мекемеде жүрген жастардың бір-бірімен отау тігуіне не түрткі?
Жұмыста табысқан жұптар саны 20-ға жеткен. Солардың бірі – Сәттібаевтар отбасы. Талғат пен Айнагүлдің осы салада қолұстасып жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Жалпы бір мекемеде жүрген жастардың бір-бірімен отау тігуіне не түрткі?
Айнагүл Қарабекова Қылмыстық атқару жүйесінде еңбек ететін 200 адамның психологиялық жағдайына жауапты. «Олар күйзеліске түспес үшін үнемі жұмыс жасап отыру керек», – дейді ол. Себебі жазасын өтеп жатқандар арасында мінез-құлқы әрқилы жандар кездеседі, ал оларды күнібойы бақылау жұмыскерлерге оңай емес.
Айнагүл Қарабекова, аға инспектор-психолог:
– Психологиялық көмек керек. Өйткені қиын да ауыр ғой бізде. Әртүрлі жағдайлар болады. Сондай жағдайларда психологиялық күй-жайын бақылап, қатты күйзеліске ұшырап кетпес үшін алдын алу жұмыстары жасалады.
Айнагүлдің өмірлік серігі Талғат Сәттібаев та осы Қылмыстық атқару жүйесінде еңбек етеді. Тағдыр екеуін жұмыста табыстырған. Қазір жарасымды жанұяда үш бала өсіп келеді. «Қиындығы мол бұл салада жүрген жастардың жұптасуы мекеме ішінде үйреншікті жағдайға айналған», – деп әзілдейді ол.
Талғат Сәттібаев, АК 159/20 Түзеу мекемесінің басшысы:
– Біз таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз. Сол жұмыста жүргенде арасында, түскі ас кезінде бір-бірімізбен кездесіп, сөйлесеміз. Содан танысады деп ойлаймын. Менің ойым, қаншама жыл осында қызмет жасаған соң отбасын құрады. Бізде ондай жұптар көп. Жас жұптар көп оның ішінде.
Талғат – қазір түзеу мекемесінің басшысы. Соңғы ондаған жыл ішінде Қылмыстық атқару жүйесінің жұмысы анағұрлым жақсарғанын айтады. Жазасын өтеушілердің түрмедегі тұрмысына көп көңіл бөлінуде. Оларды еңбек арқылы тәрбиелеуге де баса мән берілген.
Айта кету керек, қазір облыс аумағындағы 10 түрмеде 3500-ден астам адам жазасын өтеп жатыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев