Отшашуларды заңсыз сататындарға тыйым болмай тұр
Бұл күндері барлық дерлік өңірде жаңажылдық отшашуларды заңсыз сатудың жолын кесу үшін рейдтер жүргізіліп жатыр. Мысалы, Павлодарда 7 кәсіпкерге айыппұл салынды. Құтқарушылар да қауіпті заттарды қолданудың арты қалай болатынын айтып, түсіндіру жұмыстарын қолға алған.
Базарда пиротехникалық заттарды заңсыз сатып тұрған әйелге қатысты Әкімшілік хаттама толтырылды. Ол енді 69 мың теңге айыппұл төлейді.
Сағдат Әнес, Орал қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:
– Облыс аумағында заңсыз пиротехникалық бұйымдарды сату орындарына рейд жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында заңсыз сату фактілері бойынша Полиция басқармасының қызметкерлері Әкімшілік хаттама толтырып, пиротехникалық бұйымдарды тәркіледі.
Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Ал мына отшашуларға қарап, Павлодардың кейбір тұрғындары мерекені бастап кеткенін аңғару қиын емес. Арнайы жүргізілген рейд барысында пиротехникалық заттарды заңсыз саудалағандарға Әкімшілік жаза қолданылды.
Нұржан Тумырза, Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің инспекторы:
– Отшашуларға қатысты жеті материал толтырылып, пиротехникалық заттар тәркіленді. Ереже бұзған әр адамға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Заңсыз сауда иелерінің 70 мың теңге айыппұлдан айтарлықтай шығынға батпасы анық. Ал сапасы нашар бұйымдар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан білікті мамандар күмәнді заттарды алудан бас тартуға шақырады.
Анна Бородина, пиротехникалық заттар дүкенінің директоры:
– Барлық пиротехникалық заттар қауіпті. Оларды қуаттылығына қарай бөлеміз. Қолданған кезде қуаттылығы қаншалықты күшті болса, қауіпсіздік шаралары да соғұрлым жоғары болғаны жөн.
Анатолий Малимон отшашуларды лицензиясы бар, мамандандырылған дүкендерден алуға тырысады. «Балаларға қуаныш сыйлау керек. Бірақ олардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс», – дейді ол.
Анатолий Малимон, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Отшашуларды қолданудың арнайы техникасы бар. Мен алдымен сымдарын тартып шығарамын. Одан кейін электронды тетікті іске қосамын.
Пиротехникалық заттарды сатуға арнайы лицензия беріледі. Олардың саны Павлодарда көп емес. Ал кез келген отшашуды сатып алмас бұрын сауда сертификатымен қоса, оның нұсқаулықтарымен жіті танысқан абзал.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов